Кеншілер клубы Црна Гора құрамасының ойыншысы Дамир Кояшевичпен келісімшартқа отырғандарын ресми түрде жариялады. Бұл футболшыға Қазақ елі чемпионаты таңсық емес. Ол 2012-2014 жылдары «Астана» сапында өнер көрсеткен болатын. Әрі табыссыз да болған емес...
«Астана» сапында үш жыл доп теуіп, Қазақстан премьер-лигасында 77 ойын өткізді және 17 гол соқты. 2014 жылы Қазақ елі чемпионы болып, 2013 жылы күміс жүлдегері атанды. Ал 2012 жылы ел кубогының иегері атанған болатын. Бірақ 2015 жылдың ақпан айында өзбектің «Локомотив» (Ташкент) клубына жалға берілді. Тамылжыған тамызда тараптар еңбек келісімін үзген-ді.
Дамир Кояшевич 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасында өз елінің намысын қорғады. 2016 жылы 8 қазанда Подгорицада өткен Црна Гора – Қазақстан матчында 90 минут бойы біздің құрамаға қарсы ойнады (есеп – 5:0). Ал 2017 жылы 1 қыркүйекте Астанада өткен Қазақстан – Црна Гора кездесуінде қосалқы құрам орындығында отырды (0:3).
Міне, сол Кояшевич үш жылдан кейін қазақ додасына қайтып келіп отыр. Енді Қарағанды клубының намысын қорғайтын болады. Жалпы, «Шахтер» Қазақ елі чемпионатына тек Дамирді ғана емес, украин Евгений Ткачукті де қайта шақырып алды. Естеріңізде болар, бұл қорғаушы былтырғы маусымның бірінші жартысында «Ертістің» намысын қорғаған.