Вернуться к списку статей

Қазақстан Сербияны сүріндіріп, жартылай финалға шықты

Футбол
1K
Фото uefa.com сайтынан
Футзалдан ХІ Еуропа чемпионатының ширек финалдық ойындары басталды. Жартылай финалға бірінші болып Қазақстан құрамасы шықты.

Қазақстан құрамасы ширек финалда Сербия футзалшыларымен кездесіп, өз өнерлерін паш етті. Аспай-саспай, емін-еркін ойнады. Тіпті өздеріне сенімді болды десек, асыра сілтегеніміз бола қоймас. Бұл ойында біздің футзалшыларға тек өрескел қателік жібермеу керек еді...

Бұлай дейтін себебіміз, біздің футзалшылардың жылдамдықтары жоғары, қимылдар шалт екендігі топтық кезеңде-ақ байқалған. Ұстараның жүзіндей лыпылдаған жігіттеріміз қолды-аяққа тұрмай, тез қимылдап, серб саңлақтарын қара терге түсірді. Әсіресе қорғаныста өте сауатты ойнады.

Бірінші таймда Қазақстан құрамасы бір гол соғып алға шықты. Дуглас айып соқысын орындап, шірене тепкен. Оның қуатты соққысын серб қақпашысы тойтарғанымен, Серік Жаманқұлов өзгелерден бұрын қимылдап, қайыра теуіп есеп ашты.

Игита әдеттегідей ойқастап алға шығып, біздің құрама бес ойыншымен шабуылдап отырды. Сербия құрамасын тықсырып, бас көтеруге мұрша бермеді. Қақпашымыз көбінесе теңбіл допты өзі теуіп, пәрменді соққыларымен «атқылаумен» болды.   

Жалпы, Сербияның сырықтай жігіттеріне Қазақстан құрамасының қырандарын тоқтату оңай болған жоқ. Сондықтан ойын ережесін жиі бұза бастады. Бірінші тайм ортан белінен асқанда бес рет ескерту алып..., бұдан кейін дөрекі ойнауға дәттері бармады.

Екінші тайм басталған бетте олар алға қарай лап қойғандарымен, Қазақстан құрамасының қорғанысын бұзып өте алмай қойды. Осындай шабуылдарының бірінде қателесіп, біздің жігіттер жылдам шабуыл ұйымдастырды. Дуглас допты Тайнанның аяғына салып беріп, ол өз кезегінде мұндай мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

Матчтың соңына қарай сербтер қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Сонда да оларға Қазақстан құрамасының қорғанысын бұзып өту мүмкін болмады. Десек те, бідің жігіттер қарқындарын сәл бәсеңсітіп, Сербия құрамасы есепті қысқартты.

Әрине, бұдан кейін Сербия бар күш-жігерін салуға тырысты. Ойын соңына дейін бесеулеп шабуылдап отырды. Алайда, соңғы секундтарда тағы да қателесіп, бір-біріне ысыра салған допты Дуглас қиып әкетті. Әрі алға қарай құстай ұшып, бос қақпаны дәл көздеді.

Сөйтіп Қазақстан футзалшылары екінші рет қатарынан жартылай финалға шықты. 2016 жылы үшінші орын үшін өткен матчта біздің жігіттерден ұтылған Сербия құрамасы қанша тырысса да, есе қайтара алмады. Өз елінде ұта алмағанда, Словенияда қалай ұтсын-ау...   

Қазақстан – Сербия – 3:1 (1:0)

Голдар: Жаманқұлов, 6:07 (1:0). Тайнан, 22:17 (2:0). Райчевич, 35:24 (2:1). Дуглас, 39:37 (3:1).

Ескертулер: Тайнан, 26 – Перич, 7. Аксентиевич, 23.

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Нұрғожин, Дуглас, Довгань – Тайнан, Жаманқұлов, Сүлейменов, Тұрсағұлов, Оразов, Таку, Першин, Шамро.

Сербия: Аксентиевич, Перич, Коцич, Симич, Райчевич – Матиевич, Ракич, Милосавац, Рамич, Томич, Станкович, Радованович, Момчилович, Вулич.

Төрешілер: Камил Четин (Түркия), Марк Биркетт (Англия).

Любляна. «Арена Стожице».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 47 – 49
Тура соққы: 18 – 15
Қиыс кеткені: 16 – 18
Тойтарылғаны: 13 – 16
Бұрыштама соққылар: 10 – 5
Ескерту (сары қағаз): 1 – 2
Ереже бұзу: 7 – 7

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика