«Астана» биылғы маусымдағы оқу-жаттығу жиынының соңында өткен маусымдағы Словакия чемпионымен кездесіп, ұтылып қалды. Үйлеріне қайтатын болған соң сүйіктілерін ойлап, елеңдеумен болды ма, белгісіз. Әйтеуір, бұған дейінгі екі ойындағыдай шиыршық атып тұрмады.
Бұған дейін Ресейдің азулы командаларының, яғни Мәскеудің «Спартагы» мен «Краснодардың» қақпасына үш голдан салған чемпионымыздың шабуылы бүгін шау тартты. Шаршаңқырап та қалған болар. Маусым басындағы алғашқы жиынды бір қарқынмен өткізу мүмкін емес те шығар...
Әлде, қарсыластарының бәрін сыпыра «соғып», «Спортингті» үрейлендірмеуді де жөн көрді ме екен?! Бәрін де алдын-ала ойластырып отыратын Станимир Стойлов әлден «Спортинг» клубымен болатын ойындарды жадында тоқып жүр. Мәселен, бұл ойында Мұжықовты алаңға шығармады. Себебі, Серікжан ескертулеріне байланысты елордадағы бірінші ойында ойнамайды...
Сондықтан Еуропа лигасының 1/16-финалында алаңға кімдерді шығаратындығын ойлап, қарамағындағы жігіттерді іс жүзінде сынап жүр. Кейбіреулерінің орындарын да алмастырып отырады. Әсіресе, жартылай қорғаушыларын көп сапырылыстырды. Алаңда бірін-бірі айтқызбай түсінетін, тізе қоса қимылдайтын хавбектер, ойын үйлестірушілер, шабуыл бастаушылар, қорғаушыларға да көмектесе алатын жанкешті жігіттер жұбын іздестіретіндей...
Айтпақшы, бүгінгі «Жилина» клубымен өткен, сабақ болар сәтері көп ойынның соңында... алаңға Бауыржан Жолшиев шықты. Екі жылдан астам уақыт бойы дүбірлі додада доп теппеген футболшы жасыл алаңға қайта оралды. Спорттық бабына келсе, қалай ойнайтынын білеміз. Енді тек сол бұрынғы деңгейіне қайта көтерілуі керек...
«Астана» – «Жилина» – 0:1
Гол: Яношик, 48.
«Астана»: Эрич (к), Шомко, Логвиненко (Постников, 46), Аничич, Бейсебеков (Шитов, 46), Кляйнхайслер (Зайнутдинов, 46), Маевский (Жолшиев, 78), Станоевич, Томасов, Деспотович (Муртазаев, 46), Кабананга.