2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық додасына дайындалып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы Украинаға барып, әзірлік жұмыстарын пысықтауға кірісті. Бүгін тіпті осы елдің футзалшыларымен кездесіп, тең түсті.
Ерекше атап өтерлігі, бұл ойында біздің елдің намысын тағы бір Бразилия футболшысы қорғады. Игита, Дуглас және Лео қатарына алғаш рет Тайнан да қосылды. Соған қарағанда, бұл футзалшы Люблянада өтетін Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасының намысын жыртатын сияқты.
Бір қызығы, «Еуро-18» додасына дайындалып жатқан екі елдің футзалшылары да пенальти соға алмаған. Матчтың 7-минутында Петр Шотурма (Украина) Игитадан айласын асыра алмай, жер тепсе, 39-минутта Тайнан қақпадан қиыс тепкен...
Жалпы, бірінші таймда есеп ашылмаған. 25-минутта Шыңғыс Есенаманов Украина құрамасының шабуылын ережеге сай емес әдіспен тоқтатып, Шотурманы шалып жығып, алаңнан қуылған. Осылай, алаң иелері екі минут артық құрамда ойнау мүмкіндігіне ие болған.
Әрі бұл мүмкіндікті қалт жібермей, әлгі Шотурма алыстан шірене теуіп, Игитаны қапы қалдырып, есесін қайтарған. Алайда матчтың аяқталуына 17 секунд қалғанда Серік Жаманқұлов та алыстан гол соға алатындығын паш етіп, қақпа «тоғыздығын» дәл көздеген.
Украина – Қазақстан – 1:1 (0:0)
Голдар: Шотурма, 27 (1:0). Жаманқұлов, 40 (1:1).
Соққылар (тура соққы): 21 (10) – 36 (20).
Пенальти соға алмағандар: Шотурма, 7 (қақпашы тойтарды). Тайнан, 39 (қиыс кетті).
Ескертулер: Королишин, 30 – Тайнан, 24. Дуглас, 32.
Алаңнан қуылды: Есенаманов, 25.
Украина: Евгений Иваняк – Александр Педяш, Андрей Лысенко, Андрей Хамдамов, Виталий Дзюба, Владимир Разуванов, Михаил Грицына, Николай Белоцерковец, Николай Грицына, Петр Шотурма, Руслан Шеремета, Сергей Журба, Тарас Королишин.
Қазақстан: Игита (Григорий Шамро, 34) – Серік Жаманқұлов, Дінмұхамбет Сүлейменов, Шыңғыс Есенаманов, Дуглас, Лео, Тайнан, Александр Довгань, Біржан Оразов, Дәурен Нұрғожин, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Павел Таку, Михаил Першин.
Төрешілер: Геннадий Гора, Максим Чубинский (екеуі де – Украина).