Вернуться к списку статей

Грузия, Латвия, Андорра – Ұлттар лигасындағы қарсыластарымыз жайлы не білеміз?

Футбол
1K
Грузия, Латвия, Андорра – Ұлттар лигасындағы қарсыластарымыз жайлы не білеміз?
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары – Грузия, Латвия және Андорра. Бұл командалар жайлы не білеміз? Әлеуеттері қандай? Бүгінгі тақырыбымызда алдағы қарсыластарымызды жалпылама таныстырып шығуды жөн көріп отырмыз.

Грузия ұлттық құрамасы

FIFA құрамында: 1992 жылдан бері

UEFA құрамында: 1992 жылдан бері

Бас бапкері: Владимир Вайсс (Словакия)

Капитаны: Джава Канкава (Тобыл, Қазақстан)

FIFA рейтингінде: 104-ші орын

Футболшыларының жалпы бағасы: 28,43 миллион евро

Ең қымбат ойыншысы: Соломон Кверквелия (Локомотив, Ресей) – 5,8 миллион евро

Ең көп матч өткізген ойыншы: Леван Кобиашвили (100 матч) 

Үздік сұрмергені: Шота Арвеладзе (26 гол)

Ең ірі жеңісі: Армения 7:0 (1997 ж)

Ең ірі жеңілісі: Румыния 0:5 (1996 ж), Дания 1:6 (2005 ж)

Ұлттық чемпионатындағы командалар саны: 10

Халқының саны: 3 718 200 (әлемде 130-шы орын)

Жер көлемі: 69 700 км(әлемде 118-ші орын)


Лозаннадағы жеребе тарту рәсімі аяқталысымен көпшілік мамандар біздің топтың басты фавориті Грузия екендігін айтты. Келіспеске болмайды. Грузия футболы Кеңестік дәуірдің өзінде-ақ шебер ойыншыларымен танымал еді. Тәжірибелі жанкүйерлер жоққа шығармас, әр жылдары КСРО құрамасында Реваз Дзодзуашвили, Анзор Кавазашвили, Вахтанг Коридзе, Шота Хинчагашвили, Муртаз Хурцилава, Александр Чивадзе, Рамаз Шенгелия сынды шеберлер жасындай жарқылдап жүрді. Ал өз алдына егеменді ел болып, алғашқы іріктеу додасына 1996 жылы қатысқан гүржілер өз тобында 3-ші орын алды. Бұдан кейін Грузия құрамасы бұл жетістігін 2002 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қайталады. Бірақ алдағы қарсыласымыздың қазіргі жағдайы соншалықты мәз емес. 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасында бес ұпай еншілеп, өз тобында тек Молдованың алдын ғана орай алды. Ұлттық құрама тарихында ең көп ойын өткізген Леван Кобиашвили бүгінде Грузия футбол федерациясының президенті.

Грузия құрамасымен бірінші ойынды 6 қыркүйекте өз алаңымызда өткіземіз. Ал жауапты матч қарашаның 19-ына Грузияда өтеді.

Латвия ұлттық құрамасы

FIFA құрамында: 1922 жылдан бері

UEFA құрамында: 1992 жылдан бері

Бас бапкері: Александр Старков

Капитаны: Каспарс Горкшс (Рига), Андрис Ванинс (Цюрих, Швейцария)

FIFA рейтингінде: 131-ші орын

Футболшыларының жалпы бағасы: 5,8 миллион евро

Ең қымбат ойыншысы: Каспарс Дубра (РФС) – 700 мың евро

Ең көп матч өткізген ойыншы: Виталий Астафьев (165 матч)

Үздік сұрмергені: Марис Верпаковскис (29 гол)

Ең ірі жеңісі: Литва 6:1 (1935 ж), Литва 5:0 (2002 ж), Гибралтар 5:0 (2016)

Ең ірі жеңілісі: Швеция 0:12 (1927 ж)

Ұлттық чемпионатындағы командалар саны: 8

Халқының саны: 1 958 800 (әлемде 148-ші орын)

Жер көлемі: 64 589 км(әлемде 122-ші орын)

 

1940 жылы КСРО құрамына қосылған Латвия оған дейін ірі турнирлердің финалдық кезеңінде ойнаман. Алайда, КСРО ыдырағаннан кейін 2004 жылы латыштар Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде доп тепті. Өз тобында соңғы орын алып қалғанымен Латвия футболшылары немістердің өздерімен тең түсіп, Чехиямен болған матчта 73-ші минутқа дейін есепте алда тұрды. Ол кезде латыштардың басты жұлдызы Марис Верпаковскис еді. Қазір ол «Лиепая» футбол клубының президенті.

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Латвия өз тобында Андорраны артта қалдырып, 6 команданың ішінде 5-ші орыннан көрінді. Екі рет андорралықтардан басым түсіп, Фаррер аралдарымен тең ойнаған.

Латыштармен 13 қазанда түзде, қарашаның 15-інде өз жерімізде ойнаймыз.

Андорра ұлттық құрамасы

FIFA құрамында: 1996 жылдан бері

UEFA құрамында: 1996 жылдан бері

Бас бапкері: Кольдо Альварес (Испания/Андорра)

Капитаны: Ильдефонс Лима (Санта-Колома)

FIFA рейтингінде: 136-шы орын

Футболшыларының жалпы бағасы: 350 мың евро

Ең қымбат ойыншысы: Марк Валес (СИК, Финляндия), Макс Лловера (Льейда, Испания) – 100 мың евро

Ең көп матч өткізген ойыншы: Оскар Сонеджи, Ильдефонс Лима (105 матч)

Үздік сұрмергені: Ильдефонс Лима (11 гол)

Ең ірі жеңісі: Беларусь 2:0 (2000 ж), Албания 2:0 (2002 ж), Сан-Марино 2:0 (2017)

Ең ірі жеңілісі: Чехия 1:8 (2005 ж), Хорватия 0:7 (2006)

Ұлттық чемпионатындағы командалар саны: 8

Халқының саны: 85 470 (әлемде 207-ші орын)

Жер көлемі: 467,63 км(әлемде 178-ші орын)


Андорра – Испания мен Францияның ортасында орналасқан көлемі жағынан Астана қаласынан екі есе кіші шағын ғана мемлекет. Елде бар болғаны 12 кәсіпқой клуб, 22 төреші және 300-ге жуық футболшы бар. Онда да футболшларының көбі әуесқойлар. Ұлттық құрамада ойнай алатындары санаулы ғана. Футболшыларының бірі заңгер болса, енді бірі сақтандыру компаниясында жұмыс жасайды. Жалпы, Андорра Еуропадағы ең дөрекі құрамалардың бірі. Сондай-ақ, статистика бойынша, әр ойында орта есеппен 0,3 гол соғады және өз қақпаларына 3 голдан жібереді. Айтпақшы, екі рет кездескен Қазақстан футболшылары да Андорра қақпасына 6 гол соққан.

Андорра құрамасымен біздің футболшылар 10 қыркүйекте түзде және 16 қазанда өз алаңында кездеседі.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика