Екі елдің федерациялары арасында жолдастық кездесу өткізу туралы келісімге қол қойылды. Матч 23 наурыз күні Венгрия астанасы Будапешттегі «Групама Арена» стадионында өтеді. Қазір Венгрия құрамасы ФИФА рейтингісінде 54-орынды иеленіп тұр.
Өздеріңіз білесіздер, Венгрия құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде көпшілікті таң қалдырып, өз тобында бірінші орынға ие болған. Алайда, 1/8-финалынанда Бельгия құрамасына есе жіберіп алған болатын. Сол кезде мадияр елінің ұлттық құрамасын Қазақстан жанкүйерлеріне жақсы таныс, неміс маманы Бернд Шторк жаттықтырған болатын.
Өкінішке қарай, Венгрия құрамасы 2018 жылғы Әлем чемпионатының жолдамасына қол жеткізе алмады. Іріктеу кезеңінде өз тобында үшінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп, Бернд Шторкпен қоштасуға тура келді. Өткен жылдың қоңыр күзінде мадияр елінің ұлтық құрамасына Бельгия маманы Жорж Лекенс келді.
68 жастағы бапкер Тунис, Алжир және Бельгия ұлттық құрамаларын жаттықтырып, көпшілікке танылған. Сондай-ақ ол Бельгияның «Андерлехт», «Брюгге», «Гент», «Локерен» клубтарын, «Трабзонспор» (Түркия) және «Рода» (Нидерланды) командаларында тәжірибе жинақтаған.
Қазіргі Венгрия құрамасы сапында Балаж Джуджак, Тамаш Пришкин, Адам Салаи және басқада ойыншылар көзге түіп жүр. Қазақстан чемпионатында екі ойыншысы ойнайды. Олар – Ласло Кляйнхайслер (Астана») және Акош Элек («Қайрат»).
Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты Қазақстан және Венгрия құрамаларының 2014 жылы жолдастық кездесу өткізгенін де еске салыпты. 7 маусым күні Будапештте өткен сол матчта алаң иелері 3:0 есебімен басым түскен болатын. Ол кезде біздің құраманы Ресей маманы Юрий Красножан жаттықтыратын...