Алдымен өзіміздің арена жайлы. Орталық стадион 1958 жылы ашылған. Биыл 60 жыл болады. 2011 жылы қайта жөндеу жұмыстарынан өткен. Сиымдылығы – 23 804 көрермен. Ал бәсекелес басқа стадиондар мыналар:
Ұлттық стадион (Тирана, Албания)
Салынған жылы: 2018 ж.
Сиымдылығы: 22 500 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: –
Клубтар: «Тирана», «Динамо», «Партизани»
Бұйыртса, биыл яғни 2018 жылдың екінші жартысында ашылатын жаңа стадион. Тиранадағы «Кемал стафа» аренасының орнына салынады. Айта кетейік, құрылысы сонау 1939 жылы басталып, 1947 жылы салынып біткен «Кемал Стафа» стадионы әу баста 30 мың көрерменге жоспарланғанымен 1974 жылғы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін орындықтар саны тағы 5 мыңға көбейді. Бірақ, 1990 жылы қала басшылығы стадионға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сиымдылығын 19 700-ге дейін қысқартты. Ал 2016 жылы стадионды іргетасымен қосып сылып тастады. Содан бері екі жыл болды, «Кемал Стафаның» орнына албандар жаңа арена салуда. Құрылысына 60 миллион евро бөлініпті. Бұған дейін футболдан бөлек, жеңіл атлетикадан да жарыстар өткен бұл стадионда бұдан кейін тек доп тебуге ғана болады,
«Динамо» стадионы (Минск, Беларусь)
Салынған жылы: 1934 ж.
Сиымдылығы: 20 000 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: Өтіп жатыр
Клубтар: «Динамо»
Беларусь елінің басты аренасы. Бірақ, қайта жөндеу жұмыстарының жыры көп болып кетті. 2012 жылы жабылған стадион 2017 жылы ашылып, 2018 жылы Еуропа лигасының финалын қабылдау қажет болатын. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты құрылысы бітпей қойды. Әу баста 41 мың көрерменге жоспарланған стадион салынып біткеннен кейін сиымдылығы 20 мыңға дейін қысқарып қалатын да секілді. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, күрделі жөндеу жұмыстарына 150 миллиондай евро бөлініпті.
«Самми Офер» стадионы, (Хайфа, Израиль)
Салынған жылы: 2014 ж.
Сиымдылығы: 30 874 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: –
Клубтар: «Маккаби», «Хапоэль»
Іргетасы 2010 жылы қаланып, 2014 жылы пайдалануға берілген «Самми Офер» стадионы Израильдегі ең әдемі ареналардың бірі. Футболдан Еуропа чемпионаттарының іріктеу турнирлері мен Чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі кездесулерін қабылдаған. Ал Самми Офер – Израильдің әскери-теңіз магнаты. 2011 жылы 89 жасында дүниеден өткен Офер осы стадионның құрылысына 20 миллион евросын жұмсапты. Бірақ бұл жалпы шығынның небәрі 19%-ы ғана еді.
«Зимбру» стадионы (Кишинев, Молдова)
Салынған жылы: 2006 ж.
Сиымдылығы: 10 400 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: –
Клубтар: «Зимбру», «Дачия»
2002 жылы қолға алынған жобаның құрылысы 2004 жылы басталған. Негізінен Молдованың материалдары пайдаланылған стадионның құрылысы 27 айға созылып, пайдалануға 2006 жылы берілді. Құрылысына 15 миллион евро жұмсалған екен. Сиымдылығы небәрі 10 мың көрермен болғанымен УЕФА және ФИФА талаптарына толық жауап береді. Қазір бұл стадионда өз алаңындағы ойындарын «Зимбру» мен «Дачия» өткізіп жүр.
«Драгау» (Порту, Португалия)
Салынған жылы: 2003 ж.
Сиымдылығы: 52 202 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: –
Клубтар: «Порту»
Әуелде «Даш Санташ» деген стадион болған. 1952 жылы ашылғанымен жаңа ғасырдың басында іргетасымен қоса сылынып тасталған. Сөйтіп, орнына «Драгау» деген жаңа стадион салынды. Португалияда өткен «Еуро-2004» финалдық додасына арналып салынған. Жалпы шығыны 98 миллион евроны құрады. Ал сол турнирдің ашылуы осы стадионда өткен болатын. Бұдан бөлек, тағы төрт ойын осында өтті. 2020 жылғы Суперкубок матчын қабылдаудан да басты үміткер осы арена.
«Уиндзор Парк» (Белфаст, Солтүстік Ирландия)
Салынған жылы: 1905 ж.
Сиымдылығы: 18 500 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: 2016 ж
Клубтар: «Линфилд»
1905 жылы ашылып, пайдалануға берілгенімен халықаралық деңгейге 1930 жылдары жеткен. «Стэмфорд Бридж» пен «Селтик Парк» сынды стадиондарды салған шотландиялық архитектор Арчибальд Лейтчтің жетекшілігімен салынған арена екі рет ірі күрделі жөндеуден өткен. Біріншісі 1996 жылы, екіншісі 2016 жылы. Соңғы рет Солтүстік Ирландия үкіметі күрделі жөндеуге 28 миллион фунт бөліп, УЕФА мен ФИФА талаптарына сай еткен.
«Олимпиялық» стадион (Хельсинки, Финляндия)
Салынған жылы: 1934 ж.
Сиымдылығы: 42 062 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: қазіргі уақыт
Клубтар: –
2016 жылы жабылған стадион қазір кезекті күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. 2019 жылы пайдалануға беріледі. Әу баста 70 мың көрермен сидырған стадион кейін 40 мыңға дейін қысқарған. Бұл оның оныншы реконструикциясы. Жөндеу жұмыстарының жалпы шығыны 209 миллион евроны құрап отыр. Алматының Орталық стадионының басты бәсекелестерінің бірі.
«Стад-де-Нис» (Ницца, Франция)
Салынған жылы: 2013 ж.
Сиымдылығы: 35 624 көрермен
Соңғы күрделі жұмыстар: –
Клубтар: «Ницца»
Қазір көпшілік «Альянс Ривьера» деп білетін бұл стадион «Еуро-2016» финалдық додасы кезінде «Стад-де-Нис» деп аталған. Құрылысына екі жылдан астам уақыт кетіп, 245 миллион евро жұмсалған. Сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанына қарамастан конструкциясы өте бекім дейді архитекторлар. Еуропа чемпионатында төрт ойынды қабылдаған.