«Тобыл» (Қостанай) – «Жетісу» (Талдықорған) 1:0
Гол: Тұрысбек, 65-пен.
«Тараз» – «Ертіс» (Павлодар) 0:0, 4:5-пен.
Премьер-лиганың қос командасы кездескен Қостанайдағы ойында «Тобыл» мен «Жетісу» жігіттері алаңға шыққан. Бір айдан сәл астам уақыттың ішінде екінші рет кездесіп отырған командалардың тағдырын тағы да Бауыржан Тұрысбек шешті. Ел чемпионатының бірінші туры аясында өткен Талдықорғандағы матчта «Тобыл» шабуылшысы 38-ші минутта гол соғып, қостанайлықтарға жеңіс әперген еді. Бұл жолы кездесудің 65-ші минутында пенальтиден өз командасына жеңіс әперді. Айтпақшы, актер сияқты жанұшыра айқайлап құлаған да Тұрысбектің өзі. «Жетісудың» бас бапкері Дмитрий Огайға ұнамай қалғаны да осы сияқты. Наразылығын білдіріп, төрешілермен ерегісуге дейін барды. Бірақ, қызуқанды бапкердің бұл әрекеті командасына көмектескен жоқ. Талдықорғандықтар әлгі пенальтидің кесірінен 0:1 есебімен ұтылып қалды. Ал ел чемпионатының өткен турынан кейін жарты миллион теңгеге жазаланып, төрт турдан аластатылған Огайдың бұл қылығын тағы да Тәртіптік-бақылау комитеті қарастыратын шығар.
Ал Тараздағы тартыстың тағдыры пенальти сериясында шешілді. Негізгі уақыт тең аяқталып, екі команда да бір-бірінің қақпаларынан саңылау таба алмаған. Овертайм да алаң ортасында өтті. Дегенмен, пенальти сериясында алаң иелерінен Әділет Әбденәби қателесіп, ширек финалға павлодарлықтар шықты.