Вернуться к списку статей

Бесінші турға тұздық – Голдың бәрін төртінші турда соғып қойыппыз...

Футбол
1K
Фото: fca.kz
Қазақстан премьер-лигасының бесінші турында небәрі 9 гол ғана соғылды. Орта есеппен әр ойында – 1,5 доптан.

Бесінші турдағы алты ойынның екеуінде алаң иелері басым түсті. Бейтарап алаңда өткен бір матчта қонақтар жеңіске жетті. Қалған үш кездесу тең аяқталды. Екеуінде тіпті гол да соғылған жоқ (0:0).

Бұл турдағы бір ойын іріс есеппен аяқталды. Оралдың «Ақжайығы» өз жерінде «Ордабасы» (Шымкент) клубын ойсырата жеңді. Есеп – 4:1. Оңтүстік Қазақстан облысының командасы осы төрт голдың кесірінен бір саты төмен сырғып, екінші орыннан айырылып қалды.

Бесінші турдағы «Ақжайық» пен «Ордабасы» арасындағы матчта бес гол соғылды. Яғни бұл турдағы қалған бес ойында осынша доп соғылған жоқ (төрт доп қана). Әрі осы матчта екі рет пенальти беріліп, бір ойыншы алаңнан қуылды.

Тамырында Нигерия қаны соққан Украина легионері Хабиб Эсеола өткен турда «Ертістің» қақпасына пенальти соға алмаған. Сондықтан 11-метрлік айып соққысын орындау мәртебесінен айырылыпты...

Бұл жолы «Ордабасының» қақпасына берілген екі пенальтиді де Еркебұлан Нұрғалиев орындады. Біріншісін соққанымен, екіншісін де қақпашының оң жақ бұрышына теуіп, Никита Калмыковтан айласын асыра алмады.

Бұл турдағы тоғыз голдың бесеуін легионерлер соқты. Қалған төртеуін өз футболшыларымыз салды. Олардың екеуі – қазақ (Е.Нұрғалиев және Т.Досмағамбетов).

Мергендер тізімін өткен турдан бері Бахтиер Зайнутдинов бастап келеді. Ол бесінші турда «Қайраттың» қақпасына бір доп салып, 4 голмен бірінші орында тұр. Антон Шиндер («Тобыл) және Братислав Пуношевац («Қызыл-Жар») үш голдан соғып, оның өкшесін басып келеді.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика