Вернуться к списку статей

"Қызыл-Жардың" тоғыз жыл күткен жеңісі

Футбол
1K
Өз алаңында «Жетісуды» қабылдаған «Қызыл-Жар» қонақтарды 1:0 есебімен ұтып, Премьер-лигада 9 жыл күткен жеңісіне қол жеткізді.

Иә, «Қызыл-Жардың» да Премьер-лигада жеңіске жетпегеніне бақандай 9 жыл болыпты. Соңғы рет петропавлдықтар 2009 жылдың 8 тамызында Қызылордада «Қайсарды» 1:0 есебімен ұтқан екен. Ал өз алаңында жанкүйерлерін 2009 жылдың 26 маусымынан бері жеңіспен қуанта алмай келген болатын. Міне, араға 9 жыл салып, «Қызыл-Жар» Премьер-лигадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 

«Қызыл-Жар» – «Жетісу» (Талдықорған) 1:0 (1:0)

Гол: Пуношевац, 26 (1:0) .

Ескертулер: Венков 11, Главина 81, Нұрмұхамет 89, Аяғанов 90.

«Қызыл-Жар: Цирин, Ступич, Венков, Делич, Григалашвили (Попхадзе 68), Коронель, Пуношевац (Сұлтанов 83), Жанұзақов (Аяғанов 79), Мульдинов (к), Мулдаров, Аитов.

Резерв: Зәкіров, Савченко, Алтаев, Шабаев, Алиев, Гунченко.

«Жетісу»: Шабанов, Касрадзе, Главина, Оганесян, Куклис (к), Мартинович (Нұрмұхамет 82), Керімжанов (Кожамберді 67), Джалилов, Мухутдинов (Алтынбеков 85), Қуантаев, Хромцов.

Резерв: Аязбаев, Садовничий, Сағындықов, Әділханов, Харабара, Рудосельский.

Төрешілер: Алексей Бобров (Қарағанды), Ғалымжан Айжігітов (Қызылорда), Ардақ Дауанов (Алматы).

Петропавл қаласы, "Қарасай" стадионы. 4000 көрермен.

Иә, биыл үлкен чемпионатқа қайта оралған солтүстік қазақстандықтардың қарқыны жақсы. Рас, бұған дейінгі төрт ойында да жеңіліп қалған. Алайда, сол төрт кездесуде де жеңісті қолдан бермеген еді. Түзде «Қайрат», «Ордабасы», «Шахтер» сынды қарымды командалармен кездесті. Өз алаңында жүлдеден үмітті «Тобылды» қабылдады. Барлық ойында тең нәтижені былай қойғанда жеңіске жететін де мүмкіндіктері бар еді. Алайда, болгар бапкері Никола Спасов командасына тәжірибе жетіспеді.

«Жаратқан шын сұрағанға береді» дейді ғой. «Қызыл-Жар» жанкүйерлері ақыры алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдаған олар ойынның 26-шы минутында айып соққысын сәтті орындап, матчтағы жалғыз голды серб шабуылшысы Братислав Пуношевац баспен соқты.

Осылайша бір гол матч тағдырын шешіп, «Қызыл-Жар» турнир кестесінде «Қайсар» мен «Атырауды» артқа тастады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика