Вернуться к списку статей

"Қайрат" Аршавинсіз "Шахтерді" ойсырата жеңді

Футбол
1K
Жерар Гоу бес голмен сұрмергендер тізімін бастады
Қатарынан төрт ойында тең түскен Алматының «Қайраты» қаһарына енді мінген секілді.

Андрей Аршавинді қосалқы құрамда қалдырып, Теміртауға қонаққа барған Кахабер Цхададзе шәкірттері алаң иелерінің қақпасына айналдырған жеті минуттың ішінде үш гол соғып, екінші таймда төртінші голдарын тоғытты. Осылай алты ойыннан кейін Алматының командасының еншісінде 10 ұпай.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайрат» (Алматы) 1:4 (0:3)

Голдар: Исаэл, 12 (0:1). Гоу, 17 (0:2). Гоу, 19 (0:3). Гоу, 65 (0:4). Өміртаев, 77 (1:4).

Ескертулер: Соке 82 – Маркович 30.

«Шахтер»: Шацкий, Айегбуси, Кадио, Тарасов, Скорых (Өміртаев 70), Габышев, Соке, Аллегрия, Станоевич, Зошак (Хайруллин 59) Тәжімбетов (Тәттібаев 67).

Резерв: Багинский, Әлімбаев, Шахметов, Мангуткин, Васильев, Орал.

«Қайрат»: Покатилов, Сүйімбаев (Вороговский 70), Маркович, Арсо, Қуат, Элек, Бакаев, Иличевич (Жуков 59), Исламхан, Исаэл (Ахметов 79), Гоу.

Резерв: Плотников, Балтабаев, Тұрысбек, Қуантаев, Анене, Аршавин.

Төрешілер: Антонов, Журавлев (екеуі де – Павлодар), Субботин (Талдықорған).

Теміртау қаласы, «Металлург» стадионы.

Төрт кездесуде командасына төрт-ақ ұпай алып бере алған Кахабер Цхададзені қызметінен «кетіріп» жібергендер көп. Журналистер мен мамандар оның орнына басқа бапкерлерді ұсына бастады. Кейбіреулер Кахабердің «Қайратта» қалуын тілейтін бір-ақ команда бар. Ол – «Астана» деп те әзілдеп жатты. Тек «Астана» емес, «Қайраттың» басшысы Қайрат Боранбаев та Цхададзеге әлі сенеді екен. Онысын туиттер арқылы білдіріп, грузин бапкерін қолдап жіберді. Ал бүгін бас бапкер басшысының алғысын жеңіспен жеткізді.

Теміртаудағы текетірес «Қайраттың» қарқынды шабуылдарымен басталды. Алаң иелерінің қорғаушылары тым қатты қобалжып жүргендей көрінді. Мақсаттары допты әйтеуір алдыға асырып жіберу болған сияқты. Аяққа келсе болды, пас ойнаудың орнына тепкілей берді. Сондай сәттердің бірінде «теңбіл снаряд» Жарко Марковичтің аяғына жетіп, ол бір паспен Исаэлді тапты да, бразилиялық легионер екі қорғаушыны бір қимылмен сан соқтырып, допты қақпа торында тулатты.

Арада көп өткен жоқ, қорғаушылар тағы да қателесті. Бұл жолы Жерар Гоу қарағандылық жанкүйерлерді жасытты. Үшінші голды да Гоу соғып, ойын тағдыры 19-шы минутта-ақ шешілді.

Екінші таймда екі команданың да футбол ойнауға аса құлқы болған жоқ. «Шахтер» жеңіске жету былай тұрсын, тең нәтижеден де күдер үзді. Жағдайын жиырма минутта жасап алған «Қайрат» та алға аса ұмтылмады. Алайда, 60-шы минуттан бастап ойын тізгінін қайта өз қолдарына алды да, Жерар Гоу осы маусымдағы бесінші голын соғып, сұрмергендер тізімінде көш бастады. Тек осыдан кейін «Шахтердің» намысы оянып, тым болмаса бір гол соғуға тырысты. Намысты жігіті Оралхан Өміртаев екен. Қазақстан жасөсіпірімдер құрамасының ойыншысы ағаларына қалай ойнау қажеттігін көрсетіп, өзіне берілген жиырма минутта барын салды. Тіпті, бір гол соқты. Жас та болса, негізгі құрамға лайық екендігін дәлелдеді.

Енді төрт күннен кейін алматылықтар Қостанайға қонаққа барады. «Тобылмен» ойнау үшін. Ал еншісінде бір-ақ ұпайы бар «Шахтер» Атырауға аттанады.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика