Вернуться к списку статей

Ат тұяғымен тапталғандай алаңда Қазақстан кубогын қалай өткізіп жүрміз?

Футбол
2K
Ат таптағандай алаңда Қазақстан кубогын қалай өткізіп жүрміз?
Шымкент қаласында өтіп жатқан Қазақстан кубогының електік кезеңінде бірінші тур ойындары аяқталып, үш ұпайдан еншілеген үш команда анықталды.

Ел кубогы електік кезеңінің ережесін тағы бір түсіндіріп өтсек. Бірінші лиганың жеті командасы және Екінші лиганың екі командасы өзара үш топқа бөлінген. Әр топтың жеңімпазы және екінші орын иемденгендердің ішінде көрсеткіші жоғары бір команда 1/8-финалға жолдама алады.

Айта кетерлік бір нәрсе, Кәсіпқой футбол лигасы Премьер-лигадағы клубтардың фарм-командалары деген желеумен Бірінші лиганың үш командасы «Шахтер-Болат», «Байқоңыр» және «Қайрат-А» командаларына Ел кубогына қатысуға шектеу қойған. Сонымен, Оңтүстік Қазақстан облысында қазір тоғыз команда.


Ел кубогының електік турниріне қатысып жатқан командалар

Бірінші топ. Ел кубогы шымкенттік дербимен басталды. Алаңға «Мақтаарал» мен №7 БЖСМОР алаңға шыққан. Жетісайдың «Атакент» елдімекеніндегі Алпамыс батыр стадионы. Стадион деген аты ғана болмаса, алаңы мүлдем қор болып бітіпті. Құдды бір, ойын алдында бір отар қой жайылған секілді. Немесе, үш күн бұрын барымташылар дәл осы алаңның үстімен бір үйыр жылқы айдап өткен сияқты. 

Әйтеуір, шөбінен тастағы, тегіс жерінен ойлы-шұңқыры көп алаң. Мұны «туиттердегі» жеке парақшасында Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Әли Әлиев те көрсетті. «No coment» деп суреттеген Әлиевті де түсінуге болады. Сенбі күні дәл осы алаңда Әлиевтің «Қызыл-Жары» мен «Мақтаарал» ойнайды. Сондықтан, петропавлдық ойыншылар өз аяқтары үшін уайымдап жүрген де болулары мүмкін.  


Әли Әлиев "Алпамыс батыр" стадионының алаңы туралы 

Ал тұсаукесер ойынға келер болсақ, №7 БЖСМОР Бірінші лига командасынан қаймыққан жоқ. Матчты бірден қарқынды бастады. Алдымен айып соққысын әдемі орындап, есеп ашса, көп ұзамай, қақпашы қателесіп, спорт мектебінің өкілдері екінші голдарын соқты. Дегенмен, алаң иелері естерін тез-ақ жиды. Бірінші таймда-ақ есеп теңестіріп, үзілістен кейін «қалалықтардың» қақпасына тағы екі доп тоғытты.

«Мақтаарал» (Жетісай) – №7 БЖСМОР (Шымкент) 4:2 (2:2)

Голдар: Рахматулла Жақұдаев, 2 (0:1). Темірлан Әміров, 12 (0:2). Едіге Оралбай, 22 (1:2). Едіге Оралбай, 41 (2:2). Абылайхан Махамбетов, 51 (3:2). Тоқтар Бақтияров, 75 (4:2). 


Осылайша, бұл топта әзірге көш басын «Мақтаарал» бастап тұр. Алайда, «Қызыл-Жардың» да ойынын күту қажет. Топтың фавориті ретінде петропавлдықтар саналғанымен Владимир Фомичев шәкірттеріне мынадай алаңда доп тебу оңайға түсе қоймас.

Екінші топ. Премьер-лигадағы орнынан айрылып қалған «Алтайдың» әуселесін жексенбі күні байқаймыз. Ал екінші топтың бірінші турында «Екібастұз» бен «Қыранның» текетіресін тамашаладық. Бұл ойын Шымкенттегі БИІК спорт базасының «Тассай» стадионында өтіп, әр таймда бір-бір голдан соққан Асқар Әбутов «Қыранға» үш ұпай әперді. Енді «Екібастұзды» екі күннен кейін тағы бір сынақ күтіп тұр. Ашулы «Алтай» Бірінші лигада ешкімді аяй қоймас.

«Екібастұз» – «Қыран» (Шымкент) 0:2

Голдар: Асқар Әбутов, 29. Асқар Әбутов, 86.


Үшінші топ. Бірінші лиганың екі командасы «Жетісу» мен «Каспийдің» қасында «Рузаевканың» аутсайдер екендігі түсінікті. Дегенмен, солтүстік қазақстандықтардың биылғы амбициясы зор. Клуб президенті Игорь Романенко маусым қорытындысы бойынша Бірінші лигаға жолдама алуды көздейтін секілді. Осы орайда, бас бапкерлікке кезінде Премьер-лигада «Ертіс», «Жетісу» командаларында қызмет атқарып, Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырған Серік Әбдуәлиевті шақырған. 

Құрамын Дәурен Сүйінов сынды тәжірелі ойыншылармен толықтырып, «Қайрат», «Жетісу» сынды командалардан Қасымжан Таипов, Данияр Нөкебай сынды жастарды алдыртыпты. Бірақ, тәжірибелі «Каспий» ойыншылары кездесудің төртінші минутында Ерқасым Ешенқұл соққан  голдың арқасында алға шығып, жеңісті есепті ойын соңына дейін сақтап қалды.

«Каспий» (Ақтау) – «Рузаевка» (СҚО) 1:0

Гол: Ерқасым Ешенқұл, 4.

Қызыл қағаз: Марат Мұхаметқожин, 87 (Р).

 

Ел кубогы електік ойындарының келесі ойындары:

1 сәуір. Қызыл-Жар – Мақтаарал

2 сәуір. Алтай – Екібастұз

3 сәуір. Жетісу – Каспий

4 сәуір. №7 БЖСМОР – Қызыл-Жар

5 сәуір. Қыран – Алтай

6 сәуір. Рузаевка – Жетісу

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика