Қазақстан ұлттық құрамасы қазір Кипрде жаттығып жатыр. Бүгін түн қараңғысында осы елдің құрама командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Басты мақсат – 26 наурыз күні Армения құрамасымен өтетін ресми ойынға дайындалу, ойын өрнегін жетідіре түсу.
Бүгінгі матчтың қарсаңында, Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында, ұлттық құраманың жаңа бапкері Александр Бородюктен алынған сұхбат жарияланды. Орысша, әрине. Қазақшасы әлі аударылып басылған да жоқ...
Өз сөзінде жаңа бапкер біздегі өзекті мәселені көсеп өтіпті. Ол – ұлттың құраманы қазір шет елдерде жүрген, бірақ Қазақстанда туған футболшылармен күшейту. Енді бас бапкердің өз сөздеріне кезек берейік:
– Шет елдерде ойнайтын және Қазақстанда туған әлеуеті зор футболшылардың бәрін де қамтуға тырысамыз. Сіздердің елдеріңізде туған Александр Зуевпен сөйлесеміз. Бізге Қазақстанда дүниеге келген ойыншылардың, бұл өздерінің Отаны екенін жете түсінгені қажет. Бірінші кезекте ел намысын кім қорғауға дайын екендігіне мән береміз. Ойында жеңіске жетуге де болады, жеңіліп қалуымыз да мүмкін. Егер жігіттер алаңда барлық күш-жігерлерін салса, түрлерінде енжарлық, немқұрайлылық болмаса, мұны жанкүйерлер де байқайды. Енжарлық пен немқұрайлылықтан басқасының бәрін кешіруге болады. Егер енжарлық пен немқұрайлылық болса, онда ол күрмеуі күрделі мәселе болады.
Тамаша! Бас бапкер әдемі айтқан, майын тамыза сөйлеген. Шіркін, ақиқатын білер ма еді? Сол енжарлық пен немқұрайлылықтың астарында не жатыр екен, ә? Ақша ма, атақ па? Қара бастың қамы ма, жасыл алаңдағы мансап-дәреженің мүддесі ме?
Негізі, бізде мұндай жағдайлар болды, көлденең тартар мысалдарымыз көп. Алайда, күні бүгінге дейін Қазақстан құрамасын өрге сүйреп жүрген біреуі жоқ. Рас, Генрих Шмидтгаль жанын салып ойнады. Аянған жоқ. Тіпті Германия құрамасының қақпасына да гол салды. Жарақаты болмаса, әлі де көмектесер ма еді?!
Ал қалғандары ше? Қарсыластарымыздың қақпасына допты топырлатып салатындай көрінген Александр Меркель қайда? Туған жеріне деген сүйіспеншілігі, сый-құрметі бір-ақ ойынға жетті ме? Сергей Каримов, Константин Энгель... олар қайда?!
Білмеймін, Бородюк мырза, бәлкім, мен қателесермін, бірақ әлеуеті зор футболшыларды сырттан емес, ел ішінен іздеу керек сияқты. Тіпті қазір сіздің қарамағыңызда жүрген, ұлттық құрама сапына қайта қосылған Георгий Жуковке жанкүйерлердің көбісі әлі де өкпелі сықылды. Бельгия мен Ресей құрамаларының сапына іліге алмайтындығына көзі жетті ме екен, кім білсін...
Әттең, «Тұлпарды жас кезінен танып» ащы терін алып, бұғанасын бекітсек, сол таланттар ендігі ел намысын қорғауға жарап қалар еді. Қазақ топырағы аяқдоп өнерінен де талантқа кенде емес. Тек оларды танып, ажырата білетін, тәрбиелеп, жетілдере алатын мамандар жоқ сияқты. Әне, Италиядағы халықаралық турнирде «Зенит» сапындағы қаптаған Ресей жастарының бірі емес, Еркебұлан Сейдахмет бір ойында төрт гол соқты...