Вернуться к списку статей

“Астананың” деңгейі мен “Ақжайықтың” дәрмені

Футбол
1K
Серікжан Мұжықов қақпаны алыстан да көздейді... Фото: fca.kz
Футболдан Қазақстан премьер-лигасында үшінші турдың бір ойыны бүгін елордада өтіп, «Астана» «Ақжайықтан» басым түсті.

Алғашқы екі турда чемпиондық мәртебесіне сай ойын өрнегін көрсете алмай, жанкүйерлерін жасытқан «Астана» бүгін көсіле шапты. Екі ойын бойы гол соға алмай, өз дейгейлері мен шеберліктеріне нұқсан келтірген шабуылшылары да доп тебуді әлі ұмыта қоймағандарын дәлелдеді...

Ойын басталған бетте «Астана» алға қарай лап қойды. Алғашқы шабуылдарынан нәтиже шықпағанымен, ойынның 12-минутында есеп ашып, алға шықты. Шабуылды Мұжықов бастап, Шитов шірене теуіп, зулай ұшқан теңбіл допты Кабананга қақпаға қарай бұра салды. Тура жасыл шұға үстіндегі бильярд соққысындай, мінсіз орындалды...

«Ақжайық» бірден жауап қатпақ болып алға шыққан. Бірақ «Астана» қарсы шабуыл ұйымдастырып, Логвиненко допты алға қарай тепті. Ллуллаку оның бағытымен құстай ұшты. Аяғына оратылған қорғаушыны састырып, теңбіл допты алға қарй жүгіріп шыққан қақпашының төбесінен асыра салды. Гол! Ал мұндай соққыны футболда «Парашют» деп атайды...        

Айналасы бір минуттың ішінде Орал клубының қақпасына екі мәрте доп кіріп, қонақтардың еңселері түсіп кетті. Әйтсе де, бұдан кейін қорғаныста өте мұқият ойнап, «Астана» футболшыларын қақпа маңына жақындатпауға тырысты.

Алайда, екінші таймда Серікжан Мұжықов «Ақжайықтың» қорғанысын жалғыз өзі талқандап өтті. Былтыр күзде Црна Гора құрамасының бас бапкері Любиша Тумбакович Серікжаннан босқа секемденбепті (негізгі құрамда алаңға шықпағанына қуанып еді)... «Астананың» жетінші нөмірлі жігіті екі команданың легионерлеріне қалай ойнау керек екендігін көрсетті.

Үш қорғаушыны сеңдей соғыстырып, алдап өтті де, допты кейін ысырып, өз шабуылшыларына бере қойды. Қонақтардың қорғаушылары тұрмақ, алаң иелерінің шабуылшысы Кабананганың да Серікжанның дриблингінен басы айналды. Ал сәл кейінірек тұрған Твумаси доптан көз жазып қалған оралдықтар оң-солдарын ажыратқанша, қақпаны дәл көздеп үлгерді.

Осыдан кейін «Астана» арқаны кеңге салып, босаңсып қалғандай болды. Ал «Ақжайық» деңгейі төмен болса да, алаң иелеріне бір сәтке де тізгін тартуға болмайтындығын іс жүзінде дәлелдеп берді. Бір гол соғып, есепті қысқартты.    

«Астана» – «Ақжайық» – 3:1 (2:0)

Голдар: Кабананга, 12 (1:0). Ллуллаку, 13 (2:0). Твумаси, 62 (3:0). Рубио, 65 (3:1).

Ескертулер: Маевский, 79 – Шмидт, 26. Николич, 48. Шабаев, 54. Одибе, 79.

«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич, Логвиненко, Постников, Шомко (к), Мұжықов (Бейсебеков, 85), Маевский, Твумаси (Жалмұқан, 78), Кабананга, Ллуллаку (Муртазаев, 76).
Қосалқы құрам: Эрич, Жакипбаев, Наджарян, Прокопенко, Жунусов

«Ақжайық»: Төлебаев, Сапанов (к), Николич, Одибе, Шмидт (Шабаев, 46), Говедарица, Заречный (Антипов, 82), Валиуллин, Сергиенко, Изу, Рубио (Аренас Дельгадо, 84).
Қосалқы құрам: Котляр, Ортиз, Чулагов, Омаров, Макаев, Ерсәлімов.

Төрешілер: Атажанов (Шымкент), Тергеусізов, Павлов (екеуі де – Алматы)

17 наурыз. Астана. «Астана Арена» стадионы. 1 500 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика