Вернуться к списку статей

“Қайрат” пен “Ертіс” те – көшбасшылар қатарында

Футбол
2K
«Қайрат» – «Ақтөбе» – 1:0. Фото: fckairat.com
Жанкүйерлерді бүгін қызыққа бөлеген Қазақстан премьер-лигасының бірінші турындағы қалған үш ойында алаң иелері бір доп айырмасымен жеңіске жетті.

«Ақтөбе» боксшы Головкиннің қарсыластарына «ұқсап» кеткен жоқ па?..

Осы матчтың алдында, бірер күн бұрын «Ақтөбенің» кейбір ойыншылары «Қайратты» “Алматыда жеңеміз” дегендей сыңай танытқан. Бүгін бас бапкері Игорь Рахаев та «ойыншылар өздеріне тапсырылған нұсқауды орындамады, жеңіске жету тапсырылған» деді еш қымсынбай.

Жалпы, маусым аралығында ғана жасақталған команданың «Қайратты» Алматыда жеңуге талпынған, тырысқан ынта-жігерлері ұнады. Риза болдық. «Ақтөбенің» биылғы ұжымы жаман емес сияқты. Ойыншыларының техникалық шеберліктері жоғары секілді. Бірақ ұжымдық ойын үлгісі әлі жетіле қоймағандай.

Ал «Қайрат» бүгін «Ақтөбенің» қақпасына доп “жаудыра” алмады. «Әзер жеңді» демейміз, бірақ бокс тілімен айтқанда, «айқын басымдық» танытпады. Десек те, деңгейінің жоғарылау екендігін көрсетіп, үш ұпай олжалады. Гол соғып алды да, жеңісті есепті уыстарынан шығарып алмауды көп ойлады.

Бұл ойында қонақтардың қақпашысы, яғни былтыр ғана «Қайрат» сапында болған Сидельников тырысып бақты-ақ. Алаң иелерінің бірнеше соққыларын тойтарды. Жанын салып ойнады. Жарақаттанып та қала жаздады. Әйтсе де, бір доп жіберіп алды.

«Қайрат» – «Ақтөбе» – 1:0 (0:0)

Гол: Гоу, 65.

Ескерту: Покатилов, 90+3 – Воловик, 7. Диас Морейра, 15. Шурыгин, 33. Альмейда, 53.

«Қайрат»: Покатилов, Ахметов, Маркович, Ампоста, Сүйімбаев, Балтабаев, Бакаев, Исаэль (Вороговский, 87), Аршавин (Иличевич, 46), Исламхан (к) (Жуков, 69), Гоу.
Қосалқы құрам: Плотников, Грубов, Қуантаев, Тұрысбек, Райымбек.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Дәуітов (Кәкімов, 70), Гуйе, Воловик, Аслан, Боргес Барбоса, Альмейда, Шестаков, Шурыгин, Байтана (Зенькович, 67), Диас Морейра.
Қосалқы құрам: Отарбаев, Ермаченко, Сәулет, Әбдукәрімов, Айтбаев, Розыбакиев, Скворцов.

Төрешілер: Атажанов, Орумбаев, Филипчук (бәрі де – Шымкент)

8 наурыз. Алматы. «Орталық» стадион. 10 000 көрермен

«Ертіс» әлі екпін алған жоқ

«Ертіс» те «Ақжайықты» талқандап тастай алмады. Тіпті әзер жеңді, десек те болар. Бірақ оның да себебі бар. Алаң иелерінің бас бапкері Димитар Димитров әр түрлі себептермен негізгі құрамға бірнеше ойыншысын шығара алмады.

Былтырғы құрамнан екі-ақ ойыншысы негізгі құрамда ойнады. Бұл команданың ұжымдық ойын өрнегінің әлі де үйлесе қоймағандығын білдіреді. Әйтсе де, қайсарлық танытып, жеңіске жетті.

Екінші тайм басталған бетте Дарабаев есеп ашқан. Бірақ ойынның аяғына қарай Коронель Ортиз допты алыстан доғаша ие теуіп, қақпа тоғыздығына дөп түсірді. Таразы басы теңесіп, «Ертіс» ойыншылары алға қарай лап қойды.

Соңғы голдың соғылуына Нұрбол Жұмасқалиев те өз үлесін қосты. Родригоға тамаша пас бере қойып еді, Португалия футболшысы алға ентелеп, оны Йован Никлоич “іліп” қалды. Нұрболды аңдып жүріп, үлгермей қалды. Ал төреші ойланбастан пенальти берді...

«Ертіс» – «Ақжайық» – 2:1 (0:0)

Голдар: Дарабаев, 46 (1:0). Ортиз, 83 (1:1). Живкович, 88-пенальтиден (2:1).

Ескерту: Говедарица, 31. Дудченко, 50. Заречный, 87. Николич, 87.

«Ертіс»: Лория (к), Калинин (Есімов, 90+1), Ткачук, Воротников, Живкович, Кислицын, Дарабаев (Алиев, 90+2), Шабалин (Жұмасқалиев, 68), Родриго, Фонсека, Нганбе.
Қосалқы құрам: Калмыков, Двали, Рамазанов, Попов, Смайылов, Чернышов.

«Ақжайық»: Котляр, Шмидт (Шабаев, 81), Николич, Одибе, Сапанов (к), Говедарица, Заречный, Сергиенко, Изу, Аренас (Ортиз 60), Дудченко.
Қосалқы құрам: Төлебаев, Рубио, Антипов, Чулагов, Тапалов, Макаев, Ерсәлімов.

Төрешілер: Кумашев (Астана), Павлов, Қошқаров (екеуі де – Алматы)

8 наурыз. Павлодар. «Орталық» стадион. 4 500 көрермен 

Матч тағдырын соңғы секундтарда пенальти шешті

Премьер-лигаға оралған «Қайсар» бүгін жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Бірақ былтыр қайсарлықтың үлгісін танытқан «Оқжетпестің» қақпасына 90 минут бойы гол соға алмады. Жалғыз доп соңғы секундтарда пенальтиден соғылды.

Оның өзі қонақтарға әділетті болмағандай әсер қалдыруы мүмкін. Пенальтиді айтамыз. Себебі «Оқжетпестің» жаңа қорғаушысы допты қолының қарымен (білегімен) тоқтатып, аяғының астына салып алды. Төреші пенальти берді. Қонақтар «ол допты иығымен тоқтатты» деп наразылық білдірді...

Егер Кейлер әуелеп ұшқан допты тоқтатып, өз ырқына көндіріп алмағанда, дедек қақан ала доп жалғыз тұрған Нтибазонкизаның олжасына айналар еді. Әйтеуір соғылатын гол ма, белгісіз. «Қайсар» осылай үш ұпайды әупіріммен еншісіне жазды.

«Қайсар» – «Оқжетпес» – 1:0 (0:0)

Гол: Николич, 90+2-пенальтиден.

Ескерту: Граф, 57 – Дайыров, 71. Федин, 76. Кейлер, 90+2.

«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов, Камара, Курьор, Евстигнеев, Граф, Ламандж, Байжанов (к) (Сақалбаев, 89), Нарзілдаев, Аржанов (Нтибазонкиза, 74), Николич.
Қосалқы құрам: Цирин, Алтаев, Алтынбеков, Горячий, Көкеев, Мулдаров, Чуреев.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Дайыров, Чертов, Еоне, Марочкин, Кейлер, Волков, Козлов (Генков, 69), Политыло, Хорват, Федин (Досмағамбетов, 89).
Қосалқы құрам: Әбжанов, Сламбеков, Куксин, Юрин, Нұрғалиев, Шайыхов, Әбілғазы.

Төрешілер: Ысқақов, Әубәкіров, Навроцкий (бәрі де – Астана)

8 наурыз. Қызылорда. «Локомотив» стадионы. 4 200 көрермен

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика