Вернуться к списку статей

Футбол келді тамаша – Ала доппен жараса

Футбол
2K
Теңбіл доп додасы басталды... Фото: pflk.kz
Ертең – футбол. 2017 жылғы Қазақстан чемпионатының премьер-лигадағы додасы басталады.

Жаңа маусым ысқырығы

Қазақстан премьер-лигасының бірінші туры еліміздің алты қаласында өтеді. Ертең Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Қостанай және Павлодар қалаларында – футбол тойы. Әйелдер мейрамымен бірге теңбіл доп додасының “пердесі” түріліп, ысқырығы безілдейді.

Екі матч «Қазспорт» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі. Атап айтқанда, 13:50-де "Ордабасы" – "Астана" кездесуі, ал 15:55-те "Қайрат" – "Ақтөбе" ойынын үйдегі “көк жәшіктен” тамашалауға болады.

Үш айналымдық жүйе

Биыл Қазақстан премьер-лигасында 12 команда додаға түседі. Олар үш айналымдық жүйемен 33 ойыннан өткізіп шығады. Ел біріншілігі 8 наурызда басталып, 5 қарашада аяқталады.

Бірінші айналым: 8.03.17 – 6.05.17
Екінші айналым: 14.05.17 – 30.07.17
Үшінші айналым: 12.08.17 – 5.11.17

Соңғы жылдардағыдай екі айналымнан кейін 12 команда қос алтылыққа жіктелмейді. Алғашқы екі айналымда барлық командалар үйде және түзде жүйесімен ойнайды. Ал үшінші айналымдағы ойындар күнтізбесі Бергер кестесі бойынша құрастырылған.

Әрбір қазір үшінші айналымның ойындан күнтізбесі 1-ден 12-ге дейінгі сандармен таңбаланып, құрастырылып қойған. Екі айналымның қорытындысы бойынша, 12 команда өздерінің орналасқан орындарына сәйкес осы сандарға “ие болады”.

Легионерлер

Премьер-лига клубтары биыл да әрбір ойын хаттамасына сегіз легионер тіркей алады, бірақ олардың алтауы ғана алаңға шыға алады. Сонымен қатар, барлық клубтар құрамына қосымша тағы да екі легионерден тіркей алады. Бірақ әрбір қосымша легионер үшін бекітілген сомада ақша төлеу керек.

Биыл енгізілген өзгерістің бірі, 2014 жылдың қараша айына дейін, яғни «Қазақстан футболы түлегі» ережесі қабылданғанға дейін біздің елдің азаматтығын алған футболшылар енді легионер болып саналмайды.

Бірінші лигаға – екі немесе үш команда...

Биыл Қазақстан премьер-лигасында 11-ші және 12-ші орындарға табан тіреген клубтар бірден Бірінші лигаға түсіп қалады. Ал Бірінші лигадағы 1-ші және 2-ші орындарға ие болған командалар 2018 жылы премьер-лигада ойнау құқығына ие болады.

Сондай-ақ, премьер-лигада 10-орынға ие болған клуб Бірінші лигада 3-орынға орналасқан командамен “өтпелі матчта” додаға түседі. Осы ойында жеңіске жеткені 2018 жылы премьер-лигада ойнайтын болады. “Өтпелі матч” 9 қараша күні өтеді.

Бірінші тур

Сонымен, ертең футболдан 2017 жылғы Қазақстан чемпионаты басталады. Еліміздің маңдайалды клубтары додаға түсетін премьер-лигамызда бірінші турдың ойындары өтеді. Алғашқы турда мына командалар өзара кездеседі:  

"Ордабасы" – "Астана"
"Қайрат" – "Ақтөбе"
"Тобыл" – "Атырау"
"Ертіс" – "Ақжайық"
"Қайсар" – "Оқжетпес"
"Тараз" – "Шахтер"

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика