Қазақстан футбол федерациясының басшылары мен бапкерлер кеңесі Александр Генрихұлының ұлттық құрамалармен жұмыс жасаған тәжірибесіне, біздің елдің футболымен жақсы таныс екендігіне көңіл бөліп ескерген.
Әрі Александр Бородюктің біздің ұлттық құрамамен жұмыс жасағысы келген ынта-ықыласы да негізге алынған. Әйтпесе, оған басқа елдердің ұлттық құрамасын жаттықтыру жөнінде бірқатар ұсыныстар түскен көрінеді. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты осындай мәлімет таратып отыр.
Еңбек келісімі үш жылға қарастырылған көрінеді. Алдына қойылған мақсат – буын алмасы үдерісін аяқтау, ұлттық құрама сапына жастарды тарту, жергілікті таланттардың бағын ашу. Бұл тұрғыда, федерация басшылары Александр Генрихұлының мол тәжірибесіне бек сенімді екендіктерін білдірген.
Ал Талғат Байсуфинов ше? Талғат Маруанұлына ҚФФ техникалық директоры лауазымы ұсынылыпты. Енді ол 17 жастағы жасөспірімдер құрамасынан бастап, ұлттық құрамаға дейін командалармен жұмыс жасайды екен.
Осы құрамалардың бапкерлеріне ұйымдастырушылық және әдістемелік көмектер көрсететін көрінеді. Сонымен қатар, әр жас шамасындағы құрамаларға футболшылар дайындау ісін жетілдіру үшін футбол орталықтарымен және клубтарымен қарым-қатынаста болуы керек екен.