Вернуться к списку статей

Легионері көп “Қайрат” үшінші рет топ жарды

Футбол
2K
Ресейде футзалдан Еременко кубогы көмбесіне жетіп, финалда Алматының «Қайраты» Новосибирскінің «Сибиряк» командасын жеңді.

Финалдық ойын өте тартысты өтті. Бірінші таймның басында «Қайрат» екі гол соғып алға шықты. Сібірліктер қарқындарын үдетіп, жанкештілік танытып, екінші таймның басында таразы басын теңестірді.

Ресейліктер екінші голды 7-метрлік айып соққысынан соқты. Доп айып алаңы ішінде «Қайрат» қорғаушыларының біреуінің қолына тиіп кетіп, төреші пенальти берді. «Сибиряк» клубының бразилиялық шабуылшысы Сими Сайотти Игитаны қапы қалдырды.     

Екінші тайм бел ортасынан ауған кезде сібірліктер жылдам шабуыл ұйымдастырып, алға да шықты. Енді «Қайрат» қамшыны басты. Ойын өте жоғары жылдамдықта өрбіді. Көп ұзамай, таразы басы екінші рет теңесті.  

Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда сібірліктер ойын ережесін бұзып, «Қайрат» 10-метрлік айып соққысын орындау құқығына ие болды. Осы кезде қосалқы құрам орындығында отырған Першинге мүмкіндік берілді...

Ол әуелі соға алмады. Себебі қақпашы алға жылжып, оның соққысын тойтарды. Төреші Балашовқа ескерту жасап, Першинге қайитдан тебуге мүмкіндік берді. Ол екіншісінде мүлт кеткен жоқ.

Осылай «Қайрат» қайтадан алға шықты. Енді «Сибиряк» тайлы-таяғымен алға шықты. Қақпашысын бесінші ойыншыға ауыстырып та, қыспаққа алып көрді. Бірақ одан да нәтиже болмады, ресейліктер гол соға алмай қойды.

Сөйтіп, «Қайрат» жеңіске жетті. Бірақ көңілде бір кірбің қалды. Осы дәстүрлі кубокқа қатысқан клубтардың сапында 3-5 легионерден ғана бар. «Дина» құрамында тіпті жалғыз бразилиялық ойыншы жүр. Қалғандары – өз ойыншылары.

Ал «Қайрат» сапында бәрі де – керісінше. Үш ойыншы ғана өзіміздікі. Жарайды, бұл үшеуіне Қазақстан азаматтығын алған Дуглас пен Игитаны қосайық. Сонда да легионерлер тым көп. Қалған 10 шақтысы – Бразилия, Иран, Венгрия ойыншылары.

«Қайрат» – «Сибиряк» – 4:3

Голдар: Дуглас Нуньес, 7 (1:0). Дуглас, 8 (2:0). Жоан, 19 (2:1). Сими Сайотти, 27 (2:2). Волынюк, 39 (2:3). Диваней, 43 (3:3). Першин, 45 (4:3).

«Кайрат»: Игита, Ронкальо, Дуглас, Диваней, Алешандре, Игор, Дуглас Нуньес, Сүлейменов, Тайеби, Дрот, Эвертон, Кабреува, Першин, Есенаманов.

«Сибиряк»: Балашов, Формин, Лео Сантана, Сими Сайотти, Талес, Жоан, Шамсутдинов, Главатских, Кудзиев, Нугуманов, Чухрий, Плахов, Волынюк, Покотыло.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика