«Ордабасы» 15 ақпаннан бері Анталияда үшінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жолдастық кездесулер де өткізіп, жаңа маусым дайындығын пысықтап жүр. Сынақтан өтіп жүрген футболшылары көп, бірақ, келісімшартқа отырғандары – бірен-саран.
Осы жиын барысында, кешкі жаттығу кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев пен «Ордабасы» клубының президенті Бақтияр Байсейітов барып, команда құрамымен кездесу өткізіпті.
«Команда осы басқарма арқылы қаржыландырылады, сондықтан да ұжым сапына алынатын әрбір футболшыға Әлібек Нұрбайұлының келісімі керек, басқарма басшысы осы сапарында команданың негізгі құрамын бекітеді», – деп жазыпты «Ордабасы» клубының ресми сайты...
«Ордабасы» әзірше құрамын үш футболшымен толықтырғанын ресми түрде мәлімдеді. Олар – Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев және болгар шабуылшысы Преслав Йорданов. Көп ойланып-толғанып, “жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндері” байқалады. Сынақтан өтпей, кері қайтып жатқандар аз емес сияқты. Өте дұрыс, әрине...
Бұл ретте, Преслав Йорданов трансферіне қысқаша тоқтала кетуге болады. Бұл шабуылшы бұған дейін тек өз елінде ойнаған. Болгария құрамасы сапында бір-екі ойын өткізіпті. Бойы – 190 см. Жасы – 27-де. «Ордабасы» басшылары үлкен сенім артып отыр.
Осы жиын барысында Оңтүстік Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы мен «Ордабасы» клубының президенті команданы күшейте алатын легионерлермен келісімшартқа отырып, өздерінің жетекші ойыншыларымен және әлеуеті зор жастарымен еңбек келісімдерін ұзартатын көрінеді.
«Ордабасы» клубының ресми сайты таратқан дерекке сенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы клубының биылғы мақсаты ел чемпионатында жүлдеге ілігіп, Еуропа лигасы додасында өрнекті ойын үлгісін көрсету екен. Мұны команда мүшелеріне клуб президенті Бақтияр Байсейтов жеткізіп, жауапкершілік жүгінің жеңіл емес екендігін тілге тиек еткен.
Естеріңізге сала кетейік, «Ордабасы» Анталияға 26 футболшы әкеткен болатын: Бекбаев, Бойченко, Нұрмұхаметов, Қожабаев, Төлебек, Мищенко, Симчевич, Қайқыбасов, Тұрсынбай, Тұңғышбаев, Жақсыбаев, Адырбеков, Бейсенов, Ерланов, Нөсербаев, Жұмаханов, Әшірбеков, Ирисметов, Абдулин, Бөлешев, Смақов, Гейнрих, Гогуа, Марцваладзе, Бочаров, Гашпуйтис.