Вернуться к списку статей

Максимович пен Кабананга – “Астана” сапында

Футбол
2K
Кабананга
"Астана" футбол клубының Еуропадағы кейбір клубтар қызыққан легионерлері Түркияға барып, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан елорда ұжымына қосылды.

Екеуі әр түрлі себептермен Дубайдағы алғашқы жаттығу жиынына қатысқан жоқ. Неманья Максимович қаңтардың басында, яғни маусым арасындағы демалысы кезінде «Валенсия» клубымен келісімшартқа отырған болатын. Бірақ Испанияның азулы клубы мен «Астана» ортақ тіл таба алмаған сияқты.

«Валенсияның» серб саңлағы үшін ұсынған өтемақысы Қазақстан чемпионын қанағаттандырмаған секілді. Жалпы, қандай да бір сомада қарымақы ұсынды ма, жоқ әлде,“су тегін” алғысы келді ме, ол да “жабулы қазан” күйінде қалды. Екі клуб та, футболшы да бұл мәселені жақ ашып, ашық айтпады...

Енді Максимовичке «Астана» клубымен арадағы келісімшартының мерзімі түгесілгенше, бүкіл әлем көз тіккен Испания чемпионатында емес, Қазақстан премьер-лигасында доп тебуге тура келеді. Ал оның келісімшарты биыл жазда бітеді.

Келісімшартының мерзімі біткен соң, бірден Жерорта теңізі жағалауына тайып тұра ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Әзірше «Астана» футбол клубымен арадағы келісімшартына сай, Қазақстан чемпионының намысын қорғауға – міндетті. Кім біледі, мүмкін клуб басшылары келіссе, жағдайдың аяқасты өзгеріп сала беруі де ықтимал...


Ал Джуниор Кабанангамен жағдай – мүлде басқаша. Ол Африка кубогы додасында өз елінің намысын абыроймен қорғады. Төрт ойында үш гол соғып, осы дүбірлі доданың ең үздік сұрмергеніде атанды, таңдаулы құрамына да ілікті.

Содан соң туған еліне, үйіне барып, біраз демалып келді. Ал Африка кубогы додасында оның ойыны мен соққан голдарын көріп, қызығушылар көп болған. Агентінің айтуынша, телефонында тыным болмай, Еуропа және Азия клубтарынан ұсыныстар көп түскен.

Негізі, Қазақстан чемпионатының қысқы трансфер кезеңі әлі біткен жоқ. Егер ұтымды ұсыныс түсіп, ол шабуылшының да, «Астана» клубының да көңілінен шығып, Кабананга Батысқа кететін болып жатса, оған таң қалмаймыз.

Әзірше, Максимович те, Кабананга да – «Астана» сапында. Дәл қазір ел чемпионына екеуі де керек-ақ. Рохер Каньяс кеткеліорталық шеп “үңірейіп” қалды, шабуыл өтінде бесаспап сұрмерген де артық етпейді. Кеше екеуі де «Железничар» клубымен болғанойынды қосалқы құрам орындығынан тамашалады. Келесі жолдастық кездесуде алаңға да шығып қалар... 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика