Вернуться к списку статей

Төртінші ғайып – “Таразға” премьер-лигада ойнау құқығы бұйырды

Футбол
1K
Қазақта үш ғайып болушы еді. Өмірде төртіншісі де болып тұратын сияқты. «Тараз» футбол клубы ғайыптан премьер-лигада додаға түсу құқығына ие болды. Әлде “несібе ғайып” деген осы ма екен?!

Қараша айынан бері бірінші лигада топ жаруды көксеп, көрпесіне қарай көсіліп жатқан «Тараз» енді премьер-лига додасына дайындалатын болды. Иә, Қазақстан футболында жағдай аяқасты өзгеріп, Жамбыл облысы клубының жоспары да өзгерді.

Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Алтай» футбол клубын премьер-лигадан аластатып, олардың орнын өтпелі матчта дәл осы Шығыс Қазақстан облысы клубынан ұтылып қалған «Тараз» басатын болды.

Енді «Таразға» қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде премьер-лигада намысты қолдан бермейтін команда жасақтап шығу керек. Ойыншыларын деңгейі жоғары дүлей додаға дайындап, спорттық баптарына келтіре білу де қажет. Бәріне үлгеру керек, ал уақыт болса – тығыз.

Сөйтіп, «Тараз» бейсенбі күні Түркияға аттанды. Негізі, тараздықтар бірінші оқу-жаттығу жиынын «Жастар» стадионында өткізген болатын. Ал екіншісін Шымкентте өткізбек болып отырған. Енді премьер-лигада ойнайтын болғандықтан, тез арада жиналып, Босфор бұғазына аттануға тура келіп отыр.

Себебі, Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан командалар көп. Деңгейі жоғары клубтармен жолдастық кездесулер өткізуге болады. Мәселен, алғашқы қарсылас та белгілі. 13 ақпан күні «Тараз» Болгарияның «Септември» клубымен кездесетін болып отыр. Әрі команда құрамын толықтыратын тәжірибелі немесе әлеуеті зор футболшылар тауып алудың да сәті түсіп қалуы мүмкін.

Әрине, «Алтай» сапындағы бірталай футболшының бірінші лигада доп тепкілері келмесі анық. Солардың көбісі «Таразға» аусып жатса, титтей де таң қалмаймыз. Тек Ваит Талгаев бастаған жамбылдықтардың бапкерлер алқасына ұтымды және тиімді трансферлерді жүзеге асыра білу қажет.

Өздеріңіз білесіздер, өткен маусым аяқталғалы бері «Тараздан» бірталай ойыншы кетіп қалды. Бұл ретте Ә.Сүлей, Б.Байтана, А.Григоренко, И.Мера, М.Мане, Д.Евстигнеев, Д.Тәжімбетов, И.Воротников, А.Киров, О.Пищур, Т.Данилюк, О.Алиев, И.Зенькович және т.б. футболшыларды атап өтуге болады.

Бірақ бұлардың кейбіреулерінің қайтып келуі де ықтимал. Өйткені, жоғарыда жазғанымыздай жағдай өзгерген. Есесіне, Давронжан Эргашев қайтып келген секілді. Сондай-ақ, Нұртас Кұрғулин, Арслан Сатубалдин, ағайынды Азовскийлер, Олег Хромцов, Владимир Яковлев сынды ойыншылар сынақтан өтеді.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика