«Ақтөбе» футбол клубының ресми сайты өздерінің ресми бойтұмары Тентек жайлы былай деп жазыпты:
Оны ешкім білмеді, бірақ ол бәрін білді... 2006 жылы туған кезден бастап ол біздің жүрегімізде болды, санамыздың түбінде жатты. Ол осы уақытқа дейін әр ойында, әрбір гол соғылған сәтте ол «ақ-қызыл» жейделі жанкүйерлермен бірге шаттанып қуанып келді. Өсті, өнді, ер жетті.
Қазір енді оның да уақыты келді. Тентек – жаңа белестерді бағындыруға дайын. Ол барша жанкүйерлермен бірге қол ұстасып, “Қобыланды батыр” стадионында қолдау білдіруге әзір.
Тентек – 13 сектордың келбеті. Тентек – бұл 13 сектор, 13 сектор – бұл Тентек. Ол Қазақстанның барлық қалаларын шулатты, қарсылас командалардың стадиондары оны мойындады. Сөйтіп, бүкіл елге өзін сыйлата білді, бағалата білді.
Дәл бүгінгі «Ақтөбені» Тентексіз елестету қиын... Тентек «Ақтөбе» үшін жаны күйетін барша жанкүйерлердің көңілінен шығуы тиіс. Көңілді, тартымды, өзіне сенімді балақайға сүйсінбеу мүмкін емес.
Ол міндетті түрде «Қобыланды батырдың» көзайымына айналады, ол анық. Клуб бойтұмары команданы жігерлендіріп, қалың бұқараны футболға қызықтырып, барша жанкүйерлерді «Орталық стадионға» шақыратын болады.
Анықтама: ТЕНТЕК
Лақап аты: Тентек
Туған жылы: 2006 жылдың тамызы (11 жыл)
Азаматтығы: Қазақстан, Ақтөбе отбасы
Клуб: «Ақтөбе»
Жейдесіндегі нөмірі: 50
Позициясы: Тура және дұрыс. Командадағы ең жас, әрі ең жылдам, ең батыл, ең шебер ойыншы. Тентектің дарыны мен беделі өз командасын жеңістерге жетелейді.
Мінезінің негізгі ерекшеліктері: Сымбатты, өзіне сенімді, көпшіл, нәзік жандардың алдында беделді, сонымен қатар өте мейірімді. Талабы таудай. Жүрген жерін күлдіріп, жандырып жүретін ақжарқын тұлға.
Біздің ойымызша, «Ақтөбе» бойтұмар (маскот) таңдауда еліміздегі спорттық клубтардың (бұл жерде тек футболды айтып отырған жоқпыз) көбісінен асып түсіп, креативті шешім қабылдаған сияқты. Тентек – кейбір клубтардың бойтұмарлары сияқты мысық тұқымдас жануар емес, ұлттық нышандағы кейіпкер!