Вернуться к списку статей

Даниал Ахметов "Алтайды" қолдаудан бас тартты ма?

Футбол
1K
Даниал Ахметов
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мемлекеттік ресурстарды дұрыс пайдаланбады деп «Алтай» футбол клубының басшылығын айыптады.  

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының arnapress.kz сайты хабарлады. Семей қаласының әкімі халыққа есеп беру кездесуін өткізген екен. Оған ШҚО әкімі Даниял Ахметов те қатысыпты. Тұрғындардың көп сұрақтарының бірі «Алтай» футбол клубының қазіргі жағдайына арналған. Клубтың жанкүйері Серікбай Әлібеков әкімнен командаға болысуын сұрап, Премьер-лигадағы орнын алып беруін өтінген.

– Біз жаңа футбол маусымын тағатсыздана күттік. 2016 жылы команданы маусым бойы қолдап, жанкүйер болып әр қалаға бірге бардық. Клубтың шеттетілгенін білген соң команданы қолдап, Сіздің атыңызға видео үндеу жолдадық. Сізден командамыздың 2017 жылғы футбол маусымында  Премьер-лигада ойауына үлес қосып, көмектесуіңізді сұраймын, - деп жанайқайын жеткізген жанкүйерге Даниал Кенжетайұлы былай деп жауап берген:

– Өткен жылы біз клубты біріктіріп, жақсы қаржымен қамтамасыз еттік. Жоғары білікті жаттықтырушы шақырдық. Бірақ кейін келе қаржы жағын тексере бастағанымызда түсініксіз жайттарды көре бастадық. Мемлекеттік қаржының қайда кеткенін білмейміз. Төлеу жүйесі де түсініксіз. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік ресурстарды қалай болса, солай пайдаланған. Біздің осыған байланысты наразылық дағуамыз бар. Мұнымен айналыса бастадық. Бүгінде түсініксіз жайттарға байланысты команданы кімнің басқаратыны белгісіз. Спорт басқармасының келісімінсіз команданы жеңіске жеткізген жаттықтырушыны алмастырған. Жалпы, біздің сұрағымыз көп. Құрметті жанкүйерлер, алдымен футбол клубымен, оның басшылығымен өздеріңіз айналысыңыздар. Егер мен кіріссем, бәрі басқаша болады. Қазақстанның кей клубтарының басшылары қазір қайда отырғанын бәріміз жақсы білеміз. Дәл сондай жағдай «Алтай» футбол клубында да орын алғанын қаламас едім. Жанкүйерлерді футболды жақсы көріп қана қоймай, адал, шынайы, әділ футболсүйерлерді тартуларын шақырамын. 

Осылайша, Даниал Ахметов «Алтайдың» мәселесіне араласудан бас тартқан сияқты. Шамасы, клубтың менеджментіне көңілі толмайтын да секілді. Дегенмен, бұл аймақ басшысы футболдан бас тартты деген сөз емес. Өткен маусымда клубты қолдап, қаржыдан қағажу көрсетпеген облыс әкімі биыл да команданы далада қалдырмайды деген сенімдеміз.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің шешімімен «Алтай» футбол клубы Премьер-лига сертификациясына байланысты талаптарға сай келмегендіктен жоғарғы дивизионнан шығарылып, Бірінші лигаға шеттетілді. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика