Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін жақында ғана қолына алған Бразилия маманы Жозе Алесио Да Силва бірден футзалшыларымыздың басын қосып, Алматыдаоқу-жаттығу жиынын жүргізді. Әрі осы жиын барысында Беларусь құрамасымен екі рет кездесіп, жолдастық кездесулер өткізді.
Бұған дейін жазғанымыздай, Алесионың ұлттық құрамадағы қадамының басы қатты болды. Бірінші ойында біздің жігітер Беларусь футболшыларынан 0:1 есебімен ұтылып қалып, көпшілікті таң қалдырды. Енді қалай болар екен деп, қобалжығанымыз да рас...
Бүгін кешке екінші ойын өткен. Алаңға тек есе қайтаруды ойлап шыққан жігіттеріміз ширақ қимылдады. Қарқындарын үдетіп, қонақтарды тықсыра түсті. Бірінші голды Першин соқты.
Бұдан кейін бас бапкер құрамаға жаңадан қосылған футзалшыларымыздың кейбіреулерін алаңға шығарып, мүмкіндік берді. Солардың бірі, атап айтқанда, Біржан Оразов құрама капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтің пасынан кейін есепті еселеп, сенімді ақтады.
Екінші таймда да ойын аса тартысты өтті. Беларусь футзалшылары да тайталасып бақты. Тіпті екі құрама да қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, тактикалық әрекеттер қолданып көрді.
Ойынның соңғы минутында Серік Жаманқұлов үшінші рет Беларусь қақпасының торын бүлк еткізіп, бүгінгі матчтың нүктесін қойды. Жарақатына байланысты бірақ уақыт қатардан шығып қалған сұрмергеніміздің голы көпшілікті қуантты.
Қазақстан – Беларусь – 3:0
Голдар: Першин, 8. Оразов, 14. Жаманқұлов, 40.
Қазақстан: Шамро, Гуров – Жаманқұлов, Сүлейменов, Есенаманов, Дуглас, Оразов, Довгань, Кнауб, Першин, Таку, Ақбалықов; Төреғазин, Солуменко, Рындин.
Беларусь: Головнев, Чурилин – Гусаков, Крыкун, Алейников, Лазюк, Ольшевский, Силивончик, Черник, Раговик, Лось, Гончаров, Селюк, Матвеенко.
Төрешілер: Қосмұхамбетов, Абраев (екеуі де – Қазақстан)
8 ақпан 2017 ж. Алматы. «Зенит». 700 көрермен.