Испания Сегундасында (екінші лигасында) ойнайтын «Химнастик» клубы құрамын орталық қорғаушы Сезар Арзомен нығайтқанын ресми түрде мәлімдеді. Бірақ келісім шарт мәмілелері жайлы ештеңе жазбаған. Тек аталған қорғаушының бұған дейін қандай командаларда ойнағанын тізіп шыққан.
Таррагона қаласының футбол клубы дәл қазір Сегундада 18-орында тұр (барлығы – 22 команда). 19 ойыннан 21 ұпай еншілеген. Айтпақшы, осы клубтың ресми сайты жазған ақпаратқа сенсек, өткен маусымда бірнеше ай «Қайраттың» күш-қуат дайындығы жөніндегі жаттықтырушысы болған Марти Матабош та дәл осы «Химнастик» клубында екен. Яғни бұрынғы «алматылық» Сезар Арсо «Настик» сапында жалғыз емес...
Естеріңізге сала кетейік, Сезар Арсо «Қайратқа 2016 жылдың шілде айында келген болатын. Екі рет Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанып, бір рет еліміздің Сперкубогының және кубогының иегері атанды. Қазақ додасында 50 шақты ойын өткізді. Енді Каталония клубының намысын қорғайды.