Вернуться к списку статей

Бас бапкерін ауыстырудан үмітті алты команда

Футбол
1K
Бас бапкерін ауыстырудан үмітті алты команда
Маусым аяқталысымен Премьер-лиганың екі клубы бас бапкерін ауыстырып үлгерді. Дегенмен, бұл басы ғана. Ауыс-түйістердің көкесі әлі алда секілді. Қай командаларға өзгеріс керек? Сараптап көрейік.

Алдымен «Ақжайық» украин маманы Владимир Мазярмен келісімшартқа отырғанын мәлімдеді. Одан кейін «Ертіске» Испаниядан Херард Нус есімді 32 жасар жаттықтырушы келді. «Астанадағы» Станимир Стойловтың келісімшарты 31 желтоқсанда аяқталады. Дегенмен, дәл қазір «Астана» басшылығы мен болгар бапкерінің агенттері келіссөздер жүргізуде. Сәтті аяқталуға жақын. Стойловтың елордалықтар үшін қаншалықты маңыздылығын және келіссөздердің барысын талай жаздық. Қайталай берудің қажеті жоқ шығар. «Қайрат» та бас бапкерінің келісімшартын екі жылға ұзартты. Әу баста бұл маманның біліктілігіне үлкен күмәнмен қараған едік. Алайда, Карлос Феррер басшыларының сенімін, жанкүйерлерінің үмітін ақтай білді. Қатарынан сегіз ойында жеңіске жетіп, «Астана-Аренада» «Астананың» өзін ұтты. Жалпы, «Қайратқа» жаздың ортасында келген маман 14 ойынның біреуінде ғана тең түсіп, қалғанының барлығында жеңіске жеткен. «Қайсар» да болгар бапкері Стойчо Младеновті келесі жылға қалдырды. Ал «Жетісу» Бірінші лигадан шығарған Дмитрий Огайға минимум жазға дейін мүмкіндік беретін шығар. Ал қалған командалардың барлығын бапкерлік ауыс-түйістер күтіп тұрған сыңайлы. Сонымен:

«Ордабасы» – Алексей Петрушин (Ресей)


«Ордабасы» алғашқы оқу-жаттығу жиынына қаңтардың 7-сінде аттануы керек. Дегенмен, бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, клуб басшылығы бас бапкердің кандидатурасын әлі анықтай алмай жүрген көрінеді. Қазір команданы Алексей Петрушин жаттықтырады. Шымкенттіктерді тұңғыш рет қола жүлдеге жеткізген маман. Егер 7 қаңтарға дейін жаңа бапкер туралы жаңалық болмаса, келесі маусымға команданы Петрушин бастап шығады деп толық сеніммен айта беруге болатын шығар.

«Тобыл»


Роберт Евдокимовті «Тобылға» шақырғанда оған команданы ел чемпионатында 4-орынға шығару міндеті жүктелген. Ресейлік маманда бұл тапсырманы орындайтын барлық мүмкіндік болды. Алайда, бір емес, бірнеше маңызды ойындарда жеңіліп қалған «Тобыл» Еуропа лигасының жолдамасын «Ертіске» беріп қойды. Ал Евдокимовтің келісімшарты 30 қарашада аяқталды. Кетерінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қабылдауына кірейін деген екен, бірақ сол күйі кездесе алмапты. Қазір «Тобыл» бас бапкерсіз. Бұл қызметке Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Владимир Никитенко келеді деген сыбыс бар. Қостанайдан жаңалық жаңа жылдан кейін болатын шығар.

«Шахтер»


Олжас Абраев пен Мұрат Тілешевтің артынан Қарағандыға барған Саулюс Ширмялис «кеншілерді» аутсайдерлер қатарынан 7-орынға алып шыққанымен литвалық ақсақалдың «Шахтердегі» миссиясы аяқталды. Соңғы рет оның «Тобылды» жаттықтыруы мүмкін екендігі туралы естіп едік. Алайда, кейін мұндай әңгіме сап тиылды. Ал «Шахтер» жаңа бапкердің есімін жаңа жылдан кейін жариялайтын сияқты. Клубта әлі басшы да жоқ. Бас бапкер басшы тағайындалғаннан кейін ғана анықталуы мүмкін. Әзірге бұл қызметке келуден үмітті екі кандидаттың ғана есімін білеміз. Оның бірі «Ақжайықтың» экс-бапкері Вахид Масудов болса, екіншісі беларус маманы Владимир Журавель.

«Атырау»


Өткен маусымда «Атырау» бас бапкері үш рет алмастырды. Алдымен сәуірге дейін хорват Зоран Вулич баптады. Одан кейін ресейлік Сергей Павлов жаттықтырды. Екеуінен де қайыр болмағасын қыркүйекте тізгінді жергілікті маман Қуаныш Қабдуловқа берді. Алайда, бізде «ауылдағыны аузы сасық» деген бар ғой. «Атырау» Қабдуловты қалдырмайтын секілді. «Мұнайшылар» да соңғы сәтте шеттен бір маман шақырып жатса, таңғалмаймыз.

«Ақтөбе» – Владимир Муханов (Ресей)


Ақтөбеде жанкүйерлер екі лагерьге жарылған. Бірі Мухановтың қалуын қолдаса, екіншілері ресейліктің қызметтен кетуін талап етіп жүр. Бұл маманның «пентакампеондар» сапындағы болашағы жаңа басшылыққа байланысты болатын шығар. Бізге жеткен ақпараттарға сенсек, жаңа жылдан кейін клубтың директоры болып Самат Смақов тағайындалуы мүмкін. Ал спорт директоры болып Ұлықбек Асанбаевтың келуі ғажап емес. Екеуі де кезінде Мухановтың қол астында жаттыққан. Аралары жақсы. Бәлкім, Мухановқа тағы бір маусым мүмкіндік берілетін шығар.

«Қызыл-Жар»


«Қызыл-Жарды» үш жыл жаттықтырған Владимир Фомичев ақыры команданы Премьер-лигаға шығарып, өзі қызметтен кетті. Қазір ол Павлодарда «Ертіс» футбол орталығының жетекшісі. Ал «Қызыл-Жар» жаңа жаттықтырушы іздеп жүр. Бұл қызметке Болгарияның «Царско село» клубын жаттықтырған Николай Спасов келеді деген сыбыс бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика