Вернуться к списку статей

Өзбектер Әлем чемпионатының екі командасымен жолдастық кездесу өткізбек. Біздің қай жеріміз кем?

Футбол
1K
Өзбектер Әлем чемпионатының екі командасымен жолдастық кездесу өткізбек. Біздің олардан қай жеріміз кем?
Өзбекстан футбол федерациясы жолдастық кездесу туралы келесі жылға екі құрамамен келісіп қойды. Екеуі де Әлем чемпионатының қатысушылары. Ал Қазақстан футбол федерациясының басшылары өз араларында «қырылып», ұлттық құрамамыз үшін келесі маусымға қарсылас таппай жүр.

Алдымен өзбектер наурыздың 27-сі күні Марокко футболшыларымен жолдастық кездеседі. Бұл матч Марокконың ең ірі қалаларының бірі Касабланкада өтеді. Одан кейін 18 мамырда Парсы елінің астанасы Тегеранда Иран құрамасына қарсы алаңға шығады.

Айта кетейік, Марокко да, Иран да 2018 жылғы Әлем чемпионатының қатысушылары. Екеуі де «В» тобына түскен. Бір-бірінен бөлек, бұлардың Мундиальдағы қарсыластары Португалия мен Испания футболшылары.

Иран үшін өзбектерге қарсы жолдастық ойын Әлем чемпионатының алдындағы соңғы пысықтау дайындығы болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы биыл да жолдастық ойындарға жарыған жоқ. Наурыз айында Жерорта теңізіндегі аралда Кипрмен кездескен ресейлік маман Александр Бородюктің шәкірттері 1:3 есебімен ұтылып қалған. Одан кейін басқа жолдастық кездесу өткізген де жоқ.

 Ал келесі жылдың қыркүйек айында Қазақстан ұлттық құрамасы бірінші рет Ұлттар лигасына қатысады. Сонда ол уақытқа дейін футболшыларымыз жолдастық кездесу өткізбей жүре бермек пе? Әлде, футболшыларымыз ел чемпионатындағы ойындарымен шектеле ме?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика