Вернуться к списку статей

Твумаси «Спарттакқа» қызық емес

Футбол
1K
Патрик Твумаси
Соңғы кездері «Астананың» шабуылшысы Патрик Твумаси Мәскеудің «Спартагына» ауысуы мүмкін деген сыбыс кеңінен таралған еді. Алайда, ганалық легионер «Спартакқа» қызық емес сияқты.

Твумасидің мәскеулік клубпен «байланысын» жазып, ғаламторды шулатқан ресейлік ақпарат көздерінің өзі. «Спартактың» голландиялық сұрмергені Квинси Промес осы қыста Еуропа чемпионатына кетіп қалар болса, оның орнын Патрик басуы мүмкін деген сынды жаңалықтар бірінен соң бірі жазылып жатты. Айта кетейік, 25 жастағы Промес биыл Ресей Премьер-лигасында 17 голдың ішінде 10 гол соғып үлгеріп, чемпионаттың алғашқы жартысының үздігі атанған. Оның Англияның «Ливерпуліне» ауысады деп айтылып жүргеніне көп болды. Жақында Проместің орнын Патрик Твумаси басады екен деген ақпарат та жанкүйерлерді біраз шулатты.

Дегенмен, ганалық «қара маржан» «Спартакқа» қызық емес сияқты. Ресейлік басылымдардың біріне берген сұхбатында клубтың Директорлар кеңесінің төрағасы Наиль Измайлов былай депті:

– Клуб тарапынан оған ешқандай да қызығушылық жоқ. Оны командаға үміткер ретінде қарастырып жатқан да жоқпыз. Оның үстіне, Твумаси команданы күшейте алады деп айтпас едім. Біреудің қолдан жасап отырған ақпараттық сыбыстарының бірі, - деді Измайлов.

Соған қарағанда, расымен де өтірік ақпарат сияқты. Бірақ, бұған дейін Твумасиге қызығушылық танытқандардың қатарында Шотландияның «Селтигі», немістің «Штутгарты» және Түркияның «Фенербахчесі» мен «Бурсаспоры» да бар екенін жазғанбыз. Алайда, Наиль Измайловтың әлгі сұхбатынан кейін ойланып қалдық. Бәлкім, жоғарыдағылар да жай агенттердің қолдан жасап отырған сыбыстары шығар. Өйткені, Мәскеудің «Спартагы» керек қылмағанда басқа мықтылар Патрикті не қыла қойсын?

Естеріңізге сала кетейік, Патрик Твумаси биыл Қазақстан Премьер-лигасында 30 ойын өткізіп, 13 гол соққан. Ал еурокубокта 12 кездесуде 9 голдың авторы атанды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика