Қазақтың «Қайратының» капитаны, ел футболы тарихындағы теңдессіз тарланымыз Тимур Сегізбаев ағамыз қайтыс болды. Отандық жанкүйерлердің жүрегінде жарық жұлдыз болып жатталып қалған аяқдобымыздың абызы 76-дан асқан шағында көз жұмды.
Тимур Сегізбаев «Қайрат» сапында 12 маусым өнер көрсетіп, 200-ден астам ойын өткізген. Тимур-аға әдемі голдарымен футбол мамандарының өздерін сүйсіндіріп, қазақ жанкүйерлерінің мақтанышына айналған. 1964 жылы «Лужники» стадионында орыстың «Спартагына» соққан екі голы күні бүнгінге дейін жыр болып айтылады.
Дәл осы екі голдан кейін бүкіл Кеңес Одағы «Қайратқа» «Тимур және оның командасы» деген айлар таққан. Көптеген футбол жанкүйерлері балаларының атын Тимур қойып, әйгілі футболшыны пір тұтқан. Неше түрлі аңыздар айтылып, пәрменді соққысына тәнті болғандар көп болған..
Тимур Сегізбаев КСРО спорт шебері атанған. Қазақ КСР және Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды. Елімізге еңбек сіңірген спорт қайраткері де атанды. Көпшіліктің сый-құрметіне бөленді. Ел футболына өлшеусіз еңбек сіңірді.
Біз қазақ футболы мамандары мен жанашырларына қосылып, Тимур Санжарұлының отбасына, туғандарына және жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Жаныңыз жаннатта болсын. Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын!