Қарағандының «Шахтері» кеншілер клубына көп еңбек сіңірген Андрей Финонченконың бутсысын шегеге ілгенін мәлімдеді. Енді сұрмерген шабуылшы өзінің туған қаласындағы клубтың бас бапкеріне көмектеседі.
Андрей 1982 жылы 21 маусымда туған. Қазір 34-тен асты. Қарағанды футболының түлегі. 2001 жылдан бастап «Шахтердің» сапында ойнап келеді. Әрі тек осы клубтың! Басқа командада ойнаған жоқ.
«Шахтермен бірге екі рет чемпион да болды (2011 және 2012 жылдары). Екі мәрте қола жүлдегер де атанды (2007 және 2009 жылдары). 2013 жылы ел кубогын да жеңіп алды. Дәл сол жылы суперкубок иегері де атанған. Сондай-ақ 2013 жылы еліміздің ең үздік футболшысы атанған.
Андрей «Шахтермен» бірге қиындықты да көрді. Кеншілер клубы қаражат тапшылығын басынан кешіп, көш соңында салпақтағанда да сүйікті командасынан кеткен жоқ. Суығына тоңды, ыстығына күйді.
Жалпы, Финонченко «Шахтер» сапындағы 16 маусымда 434 ойын өткізіп, 126 гол соқты. 2003 жылы 18 доппен Қазақстан чемпионатының сұрмергені атанды да. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 20 рет жасыл алаңға шығып, бес рет гол соқты. Былтыр 15 ойын өткізіп, екі рет теңбіл допты қақпа торында тулатты.
Уақыт келгенін сезді ме, енді жасыл алаңдағы карьерасына нүкте қойғанды жөн санапты. Бірақ футболдан кетпейді. Өзінің сүйікті командасында бас бапкердің көмекшісі болады. «А» санатты жаттықтырушылық лицензиясы бар. Осыдан екі жыл бұрын Алматыда алыпты.
Футболшыларға жасыл алаңнан уақытында кете білу де оңайға түспейтінін білеміз. Бірталай жігіттер әлі кете алмай жүр. Ал Финонченко орнын жастарға босатуды жөн көріпті. Бапкерлікке бет бұрып, тәуекелге бел буып, жаттықтырушылықты қолға алыпты. Біз Андрейді жаңа қызметімен құттықтаймыз. Жаңа лауазымда да жеңістерің көп болсын демекпіз.