– Биыл елімізде ұлттық кәсіпқой «НАМЫС» футбол клубының құрылғанына тура 25 жыл толды! Сонау Кеңес Одағының кезінде футбол секілді миллиондар ойынында қазақтың кегі кетті деген патриоттық оймен,намыспен қолға алған бұл жоба жарияланған жылдар бар қазақтың арманы орындалғандай кезең болғаны жасырын емес. 1991 жылы «Спорт» газетіне бас редактор болып барған кезімде, өзімнің бір істі бастауыма тізгін тиді. Ол спорт комитеттің газеті болғанымен, бас редактор – творчестволық жетекші. 21 қаңтар күні бас редактор болып жүмысқа кірісіп, тамыз айының басында «Намыс» футбол клубын құру туралы қазақ халқына үндеу жарияладым. «Биыл үйреніп алайын, келесі жылы қозғайын бұл шаруаны» деп созған жоқпын, ішімде әбден пісіуі жетілген нәрсені ортаға салдым. Содан 1992 жылы құрдық, қазақ балаларынан жасақталған «Намыс» клубын, – дейді Несіп Жүнісбайұлы.
Спорт қайраткерінің айтуынша, бүкіл республика болып, халық бұл идеяны тік көтеріп әкеткен.
– Әсіресе қазақ халқының қуанышы мен толғанысында шек болған жоқ. Редакцияға ой арқалаған,ұсыныс айтқан,жоспар ұсынған хаттар мыңдап келіп жатты. Ұйымдастыру комитетін құрдық. Ол топта қазақ футболының марқасқалары – Тимур аға Сегізбаев пен Сергей Квочкин, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов, Евгений Кузнецов, Құрбан Бердыев,тағы басқа да айтулы мамандар болды. Топ құрып,футбол білермендерін республиканың 19 облысына іріктеу жасауға жібердік. Өзім бас болып,5-6 ауданға да соғып өттік. Сөйтіп,1992 жылы көктемнің аяғына қарай Алматыға 300 бала келді, Соңғы іріктеуден өтуге! Алматыдағы АДК стадионында соңғы іріктеу өтті. Бұл жауапты сәтке сол кезде «Жеңіс» футбол клубын құрып,ардагерлер жарысында топ жарып жүрген команданың мұрындығы,тамаша футболшы,ғажап азамат,марқұм Шәріп Омаров жетекшілік етті. Шәкеңнің маңында республика футболының ең таңдаулы мамандарының бәрі болды. Сөйтіп,екі күнгі іріктеуден соң «Намыс» футбол клубына 100 бала таңдап алдық, – дейді идея авторы әрі ұйымдастырушысы.
«Намыс» клубы Қазақстан чемпионатында да ойнаған болатын. Кейіннен қаржылық қиындыққа байланысты жабылуға мәжбүр болды.
– Мемлекет Тәуелсіздігін жаңа алып жатқан,экономика төмен,қоғам не боларын білмеген ауыр уақыт еді. Балаларды киіндіруге,ішіндіруге,жарысқа жіберуге қаржы тапшы болды. «НАМЫСТЫ» қолдау қорын аштық. Күреп ақша берген ешкім болған жоқ. Халық 500-1000 рубльден жіберетін қорға. "Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды!" дегендей,1993 жылы ақша ауысты. Бүкіл халық боп жинаған бір уыс қаржымыз тиын боп қалды. Берілмедік,күрестік... Өз басым сол кезде болған үш вице-премьерге кірдім. Бәрі де қолымды қысып,құшағына алып,"Жарайсың!" дегеннен аспады. Материалдық көмек бермеді.Ұлттық идеядан жасқанды-ау деп ойлаймын бүгін. Сол кезде үлкен бір компанияға тели салса клубты... Жан-жағымызды сипалап,тірлік еттік. Амангелді Ермегияев,Кенжебек Омарбаев,Серік Қонақбаев,сол кездегі министрлерден Қаратай аға Тұрысов,аудан әкімі Әбдіманап Көпбергеновтер қол ұшын берді. 1993 жылы "Намыстың" ересек командасын құрдық. Осы қадамымыз дұрыс па,бұрыс па ,осы күнге дейін жауабын тапқан жоқпын. «Намыс» ҚР чемпионатында алғашқы ойынын өткен жылы жүлдегер болған Екібастұздың «Батыр» командасымен Орталық стадионда ойнап,3;2 есебімен жеңді! "Намыстың" тұңғыш добын Сейтжан Байбосынов соқты, – дейді Несіп аға.
«Намыстан» түлеп ұшқан Нұрбол Жұмасқалиев, Айдар Күмісбеков,Мұрат Тілешов,Диас Кемалов,Әлібек Бөлешов сынды футболшылар Қазақстанның құрама командасында ойнады. Әлихан Аққазынов пен Айдар Күмісбеков 1999 жылы Нигерияда өткен әлем чемпионатына қатысты.