Италия футбол федерациясының Президенті Карло Тавеккио ұлттық құрамасы Әлем чемпионатынан тыс қалғаны үшін қызметінен кетті. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік рейтингте ай санап төмен құлдилап бара жатқанына қарамастан бас бапкеріміз де, оның басшылары да қызметтерінен кетуге асығар емес. Дегенмен, келесі аптада ел футболын үлкен бір жаңалық күтіп тұрған сияқты.
Әлбетте, Италия мен Қазақстан футболын салыстыруға келмейді. Алайда, екі елдің аяқдобын өз деңгейінше қарастырып, басшыларының әрекеттерін салыстырып көрсек.
Италия құрамасы бұған дейін әлем чемпионатына екі-ақ рет қатыса алмаған. Соңғы рет 1958 жылғы дүниежүзілік додадан тыс қалды. Араға 60 жыл салып италиялықтар әлем чемпионатына қайта бармайтын болды. Електік кездесуде Швецияға есе жіберді. Осыдан кейін Италия футбол федерациясының президенті Карло Тавеккио өз еркімен қызметінен кететінін мәлімдеді.
– Кетіп бара жатырмын. Сәтсіздікке себепкер ретінде. Барлық италиялықтардан кешірім сұраймын. Енді Италия футболын жаңа дәуір күтеді, - деді кетіп бара жатқан Тавеккио.
Міне, ердің сөзі. Жеңілгенін мойнымен көтеріп тұр. Ал бізде ше?
Әлемдік рейтингті 2016 жылды 98-ші орында аяқтап, ел футболының тарихындағы 2001 жылғы рекордтық көрсеткішін қайталаған ұлттық құрамамыз 11 айдың ішінде ФИФА рейтингінде 36 сатыға төмен құлдилап, антирекорд орнатты. Қазір 136-шы орындамыз. Бірақ, соған қарамастан бас хатшы да орнында, бас бапкер де ешқайда кетер емес.
Неліктен президент емес, бас хатшы туралы айтып отырғанымызды түсінген боларсыздар. Басқа елдердегідей емес, Қазақстан футбол федерациясында барлық маңызды мәселелерді бас хатшы шешеді. Бүкіл маңызды құжаттарға қол қоятын да сол. Федерация жарлығында солай көрсетілген. Президенттің міндеті тек шараларға қатысып, құттықтау ғана болып қалды.
Дегенмен, келесі аптада ел футболында үлкен өзгеріс болатын сияқты. Бізге жеткен ақпараттарға сенсек, дүйсенбі күні ҚФФ-тың Қорытынды конференциясы өтеді екен. Сол жерде бас хатшы Қаныш Әубәкіровтің бір жылдық жұмысы қорытындыланып, қызметінен кетуі туралы шешім қабылданбақ көрінеді.
Қазақстан футбол федерациясында бір ғана жыл басшылық еткен Қаныш Әубәкіровтің қызметінен босайтынын заңды құбылыс деп қабылдаған дұрыс шығар. Ақтайын десек, бір жылда Қаныш Қайдарұлының басшылығымен Федерацияның қандай істер тындырғанын еске түсіру мүмкін болмай тұр.
Ал оның орнын кім басуы мүмкін? Жақында аты-жөнін көрсетпеуді жөн көрген ел футболының бір топ ардагерлері неліктен екені белгісіз Әділбек Жақсыбековке төрт кандидатты ұсыныпты. Квартет «Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының президенті Азамат Айтқожин, «Шахтер» футбол клубының экс-бас директоры Олжас Абраев және футбол ардагері Михаил Гурманнан құралған.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді, бейресми ақпарат көздері бас хатшылыққа Азамат Айтқожиннің мүмкіндігін жоғары бағалауда. Өйткені, Хамитжанов «Астанамен» де жақсы нәтиже көрсетуде. Келесі жылы да Чемпиондар лигасында атойлауға мүмкіндігі бар. Олжас Абраевтың тәжірибесі баршылық болғанымен оны бұл қызметке әлі де жастау көретіндер бар. Федерацияда бұрын да жоғары қызметтер атқарған Михаил Гурманға қазір сенім кепілдігі аса көп емес. Айтқожин ше? Бізге жетіп жатқан ақпараттарды сіздерге жеткізер болсақ, Азамат Серікұлы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметіне кірісіп, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасын Олжас Абраев қолына алмақ екен. Бұл ақпаратқа сенуге болатын шығар. Әйтпесе, маусым ортасында «Шахтер» футбол клубын қолға алып, жап-жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген Олжас Абраев Қарағандыдан неге кетіп қалды дейсіз?!
Әлбетте, «Қазақстан футбол федерациясының бас хатшылығына кім лайық?» деген сауалға тағы екі-үш кандидаттың есімін ұсынуға болар. Алайда, кім келсе де, ел футболы өрге басып, ұлттық құрамамыз жанкүйерлерді жақсы нәтижелерімен қуантса екен дейміз.