Бүгін Қазақстан Кәсіби футбол лигасының ұсынысы бойынша Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс жиыны өтіп, онда төмендегідей шешімдер талқыланды және қабылданды:
1. Төрешілер комитетінің қызметін реттейтін құжаттар бекітілді.
2. Сертификация жөніндегі комиссияның және Сертификация жөніндегі шағым комиссиясының құрамдары бекітілді.
3. Алматы қаласындағы ҚФФ өкілдігін Филиал ретінде өзгерту келісілді.
4. «Оңтүстік» футбол академиясын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне табыстау бекітілді.
5. «Алтай» футбол клубының сертификация жүйесіне қатысты ерекше шешім қолдану туралы өтініші қаралды.
Осы мәселені талқылау нәтижесінде ҚФФ Атқару комитеті сертификация жүйесіне қатысты ерекше шешім қолданудан бас тартып, «Алтай» футбол клубы чемпионатқа қатысушылары құрамынан шығарылды. Себебі бұл клубта сертификация шарттары қағидалары орындалмаған (заңды тұлғаның құрылымында Футбол орталығы мен Екінші лига біріншілігіне қатысатын жастар арасындағы командасы жоқ, сондай-ақ аймақтық футбол федерациясында 3 /үш/ жылдық мүшелігі жоқ). Премьер-лигадағы босаған орынды Чемпионат регламентінің талаптарына сай, 2016 жылғы маусымда «өтпелі матчта» ойнаған «Тараз» футбол клубы басатын болып бекітілді.
6. Ел чемпионатының Премьер-лигадағы додасына, сондай-ақ Бірінші және Екінші лигалардағы біріншіліктеріне қатысатын клуб/командалар құрамы бекітілді.
2017 жылғы маусымда кәсіби футбол клубтары арасында өтетін доп додаларының тәртібі бекітілді (Чемпионат, Бірінші және Екінші лига клуб/командаларының арасындағы Біріншілік, ҚР кубогы).
2017 жылғы маусымда кәсіби футбол клубтар арасында өтетін доп додаларының күнтізбелері бекітілді (Чемпионат, Бірінші лигадағы клуб/командаларының арасындағы біріншілік).