Вернуться к списку статей

Хавьер Кальеха – Кабанангадан қатты қауіптенеміз

Футбол
1K
Хавьер Кальеха –

Қазақтарды әлемдегі ең кешігіп жүретін халықтардың қатарына жатқызады. Мұндай стереотипті жасап алған өзіміз. Әйтпесе, дүниежүзілік зерттеу бойынша, кешігіп жүретін елдердің бестігін Бразилия, Түркия, Қытай, Үндістан және Кения құрайды екен. Бірақ, бұлардың қатарына испаниялықтарды да қосу керек шығар. Олай дейтініміз, «Вильярреал» бас бапкері Хавьер Кальеханың баспасөз мәслихаты 15 минутқа кешігіп басталды. Испан маманы сұхбатын алдымен жаман ауруға ұшыраған «Севильяның» бас бапкері Эдуардо Бериссоға қолдау көрсетуден бастады.

– Жаңа ғана естідік, Эдуардо Бериссо аты жаман ауруға ұшырапты. Сондықтан, біз оған қолдау білдіріп, бірге екендігімізді айтқымыз келеді. Сауығып кетеріне үміттіміз, – деді Кальеха.

– Баспасөз мәслихатын 15 минутқа кешігіп бастауыңыздың себебі неде? «Астананы» сыйламағаныңыз ба, әлде қазақстандықтарды құрметтемегеніңіз бе?

– Сіздерден кешірім сұраймын. Қонақүйден кешігіп шықтық та, кептеліске тұрып қалдық.

– Ертеңгі ойында «Вильярреалдың» сапынан қандай өзгерістер күтеміз?

– Ертеңгі ойын біз үшін өте маңызды. Осы демалыста бізді Испания чемпионатында «Севильямен» болатын қиын ойын күтіп тұр. Бірақ, біз үшін қазір ертеңгі кездесу маңыздырақ. Өйткені, Еуропада оңай ойын болмайды. Әлбетте, команда сапында өзгерістер болуы мүмкін. Оны сіздер алаңға шыққанда көресіздер.

– Израильдің «Маккабиін» «Астана» түзде жеңіп кетті. Ал сіздер тең түстіңіздер. «Вильярреалға» жеңіс үшін не жетіспеді?

– «Астана» сол матчта мықтырақ болды. Бар мәселе сол ғана.

– Басты шабуылшыларыңыздың бірі Седрик Бакамбоның Испания чемпионатында көп гол соғып, Еуропа лигасында көзге түспеуінің себебі неде? Ертең ол алаңға шыға ма?

– Иә, Бакамбо біз үшін маңызды шабуылшылардың бірі. Ертең маңызды матч. Сондықтан, оны алаңға шығаруды жоспарлап отырмыз.

– Испания мен Қазақстанның ауа-райында айырмашылық көп. Футболшылар мұны қалай еңсерді?

– Иә, бізге қарсы жайттар көп. Бірақ, кәсіпқой клуб мұның барлығына төтеп бере білуі тиіс.

– Егер ертең «Вильярреал» жеңіске жетсе, Еуропа лигасы топтық кезеңінің соңғы турында босаңсып қалмай ма?

– Бізді бірінші кезекте ертеңгі ойын қызықтырады. Әр матч финал іспеттес. Ертең жеңіп жатсақ, қалғанын сосын көре жатармыз.

– «Астана» футболшыларынан кімді атап өтер едіңіз? Кімнен қауіп күтесіздер?

– «Астананың» ең қауіпті футболшысы – Джуниор Кабананга. Оның жылдамдығы мен тез шешім қабылдай білуі таңғалдырды. Ертең бірінші кезекте осы шабуылшыны тұсаулап ұстауға тырысамыз.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика