Бәрін де басынан бастасақ, 2016 жылғы 11 наурызда ҚФФ сайты Италия маманы Маттео Трефолонидің Төрелік ету және қадағалау департаментінің басшысы қызметінен кеткенін жариялаған болатын.
Себеп – шетелдік маман өзінің отбасымен бірге болуды жөн көрген. Әрі Төрелік ету және қадағалау департаменті директорының міндетін атқарушы болып Эдіген Юмашевтің тағайындалғандығын да мәлімдеген-ді.
Көп ұзамай, осы департаментің директорының орынбасары Александр Мазманянның қызметінен кеткендігі жарияланды. Жарты айдан кейін оның орнына Юрий Ярышевтің тағайындалғаны да баяндалған болатын.
Тұп-тура үш айдан кейін Төрелік ету және қадағалау департаментінде тағы да басшы ауысты. Эдіген Юмашевтің орнына Акмалхан Холматов тағайындалды. Екеуі де – өзіміздің көпшілікке танымал мамандарымыз.
Бұл жолы департамент директорының ауысуына «Сорокин дауы» әсер еткендей. Себебі Эдіген Юмашев Тәртіптік-бақылау комитеті отырысында ҚФФ президентінің шешіміне қарсы шыққандардың бірі болған...
13 қазан күні ҚФФ Төрелік ету және қадағалау департаментін Юрий Ярышев басқаратындығы жарияланды. Акмалхан Холматов Бас маман қызметіне ауыстырылып, Эдіген Юмашев директор орынбасары қызметіне бекітілді.
Содан... Желтоқсан айының үшінші онкүндігі басталған кезде Ресей маманы Николай Левниковтің ҚФФ Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры болатындығы белгілі болды. Мұны ресейлік және қазақстандық басылымдар жарыса жазды. Аталған маман өзіне Қазақстан тарапынан осындай ұсыныс түскенін бүкпесіз жария етті.
Міне, бүгін Қазақстан футбол федерациясының сайты Николай Левниковтің Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры болып тағайындалғандығын ресми түрде мәлімдеді. Футбол әлеміне танымал маман бұл қызметте ұзақ отырады деп ойлаймыз...
Естеріңізге сала кетейік, Левников 2008-2009 жылдары Қазақстан футбол федерациясының Төрелік ету және қадағалау департаментін басқарған. Біздің төрешілердің көбісін жақсы таниды.
Николай Левников бұған дейін (соңғы төрт жылда) Ресей футбол одағының Төрешілер комитеті төрағасы қызметін атқарып келді. 1956 жылы 15 мамырда туған. УЕФА Төрешілер комитетінің мүшесі. ФИФА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі болған.