Вернуться к списку статей

“Астана” ақындар бәйгесінің қорытындысын шығарды

Футбол
2K
Амангелді Сейітханов.
Бүгін «Астана» футбол клубы ана тілімізде жазылған өлең-жыр бәйгесінің қорытындысын жариялады. Бас бәйгені әріптесіміз Амангелді Сейітхан жеңіп алыпты.

«Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі футбол тақырыбында жазылған өлеңдер соншалықты көп емес. Ал, жалпы спорт тақырыбындағы поэмалар жоқтың қасы. “Астана” футбол клубы қазақ тілін спорттық салада насихаттау мақсатында арнайы байқау жариялаған болатын», – деп жазады елорда клубының ресми сайты.

Байқау талабы бойынша, қатысушылар «Астана» футбол клубының жеңістері мен ойыншылары, бапкерлер құрамы туралы өлең немесе поэма жазып, 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында жіберулері керек болған.

Осы аралықта, «Астана» футбол клубының электронды поштасына 50-ден астам шығармашылық жұмыстар келіп түсіпті. Байқау жеңімпаздарын клубтың шығармашылық тобы анықтап, үздік деп танылған екі жұмысты бүгін ресми сайтарына жариялады.

Бірақ алдағы уақытта тағы да бірнеше үздік туындылар жарияланады екен. Оларда сый-сыяпаттан кенде болмас. Қалай десек те, бұл ел чемпионының ана тілімізге деген қадір-құрметі іспетті болды.

Сонымен, алғашқы жүлдеге тағайындалған «Астана» командасының спорттық олимейкасын белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітхан жеңіп алған:

Станимирге хат

Стойлов! Қаһармансың,
«Босс» деген ат алғансың.
Маусым сайын Хасковоңа,
Алтын медаль апарғансың.

Жігіттерді  шынықтырдың,
Жеңіс жолын біліп тұрдың.
Ойыны жоқ команданың,
Ой-өрісін тұнық қылдың.

Аничичті құрыш көрдің.
Эричті де ырыс көрдің,
Қабылетін Серікжанның,
Басқалардан дұрыс көрдің.

Таңатты да таң асырдың,
Бабын таптың сан асылдың.
Артық боп тұр өзгелерден,
Абзал сынды бағасы ұлдың.

Твумаси туың болды,
Іске Каньяс мығым болды.
Максимович испан асып,
Орта тұста шығын болды.

Деспотович жанын салды,
Кабананга барын салды.
Логовиненко деген жігіт,
Доп тоқтатты, голын салды.

Малыйлар да жақсы ойнай ма?
Кетевоама Фокси қайда?
Щеткиндердің, кеткендердің,
Әр қайсыса көп қинайды, ә.

Көрініс бер, тағы да өрден,
«Астанаң» бар, сәні келген
Чемпиондық биіктерге
Жетелесін Тағыберген...

Ал, екінші жүлдеге тағайындалған «Астана» командасының логотипі белгіленген бас киім мен шарф-барскарф Нұржан Салимовке бұйырыпты. 

Астанаға арнау

Доп додасы естіртсе ысқырығын,
Түрткілеуші ед елімнің ішкі мұңын...
Жәй жатса да айбатты қазағымның,
«ФК Астана» көрсетті-ау күштілігін.

Көсілейін иіріп ой ұршығын,
Ақтарылсын ағынан ойым, шыным. 
Күн туыпты қазаққа, жанкүйерлер,
Жейделерін сұрайтын ойыншының.

Артта қалды жеңіліс көп келетін,
Артта қалды қиын күн өткеретін.
Арқадағы мықтының арқасында ,
Жол салынды батысқа доп тебетін.

Футболымның көп айтып келекесін,
Бәз біреулер алғанда берекесін.
Сынға ілінген спортты сәл де болса,
Сүйреп жүрген сүйкімдім сен екенсің.

Босағасын аттаған тұлғаларға,
Қожайыным құшағын бұлдамауда.
Қонақтарын төріне шығарса да,
Шығармаған басына бұл команда.

Бұл Астана – абырой, намыс, жігер
Барар жолы әлі алда, алыс жүрер.
Таланттылар тағы да таң қалдырар,
Табынушы табылса табыс тілер...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика