Вернуться к списку статей

Өзбектер Қытай чемпионатына ауысып жатыр, ал қазақтарға неге сұраныс жоқ?

Футбол
2K
Өзбек ойыншысы Одил Ахмедов
Өзбек әкәларымыз бөріктерін аспанға атып, шулап жүр. Желтоқсанның 30-ы күні олардың бір ойыншысы Одил Ахмедов Қытай чемпионатына өте қымбат бағаға ауысты. Енді ол Халк, Асамоа Гьян, Оскар сынды әлемдік жұлдыздармен бір командада доп теуіп, Андре Виллаш-Боаштың қарамағында жаттығады. Қызғанғанымыз емес, бірақ неге біздің футболшылар шекара асқысы келмейді? Неге Исламхан, Нөсербаев, Шомколарға да Испания, Англия, Италия демей-ақ қояйық, Түркия, Қытай чемпионаттарында доп теппеске? Әлде қазақтарға сұраныс жоқ па?

Қытай Супер лигасы бүгінде әлемдегі ең бай чемпионаттардың бірі. Өздерінің демеушілері де бар. Ping An Insurance компаниясы бір маусымға 21 миллион евроға жуық қаржы бөледі. Клубтары да бай. Мұнда Халк, Асамоа Гьян, Оскардан бөлек, Карлос Тевес, Эсекьель Лавесси, Рамирес, Джексон Мартинес, Жервиньо, Луиш Фабиано, Фредди Гуарин сынды әлемдік жұлдыздардың бәрін осыннан табасыз.

Енді бұлардың қатарына өзбек жартылай қорғаушысы Одил Ахмедов та қосылды. Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, «Шанхай СИПГ» клубымен үш жылға келісімшартқа отырыпты. 25 нөмірде ойнайтын ол осы аралықта жылына 4 миллион евро жалақы алып тұратын болады. Transfermarkt.de сайтында Одилдің нарықтағы бағасы 7 миллион евроны көрсетіп тұр. Дегенмен, «Шанхай СИПГ» Ресейдің «Краснодарына» бұдан екі еседей артық төледі деген де сыбыс бар.

– Тек Қытайдан ғана емес, Еуропа чемпионаттарынан да ұсыныстар болды. Алайда, барлығын таразылай келе Қытай Супер лигасын таңдадым. Бұл «Краснодар» үшін де тиімді болды. Мен бұл таңдауды кері кету деп есептемеймін. Өйткені, Қытай чемпионатында мықты футболшылар өте көп. Бас бапкер Виллаш-Боашпен де сөйлестім. Ол менің командадағы рөлімді бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді. Содан кейін ғана ауысуға келісім бердім. Менің бұл қадамым Өзбекстан ұлттық құрамасы үшін де пайдалы болады деп ойлаймын, - деп ағынан жарылыпты Ахмедовтың өзі. 

"Астанадан" кеткен Таңат Нөсербаевқа да бағын басқа чемпионаттан іздеп көрген артық болмас еді

Одил Ахмедовтың жасы қазір 29-да. Біздегі Таңат Нөсербаев, Жасұлан Молдақараевтармен түйдей құрдас. Наманганда туып, футболдағы карьерасын жергілікті «Навбахорда» бастаған. Кейін Ташкенттің «Локомотивіне» ауысты. Сосын 2006 жылы «Пахтакорға» барды. Ол жақта бес жыл доп теуіп, 2011 жылы Ресейдің «Анжи» клубына ауысты. Бұл кезде Одилдің жасы 24-те еді. Біздегі Стас Покатилов, Роман Муртазаев, Бауыржан Исламхан, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуаттардың жасы ғой. «Анжиден» кейін 2014 жылы «Краснодарға» ауысып, «қара өгіздердің» намысын екі жыл қорғады. Сөйтіп, әбден ысылып, өз шеберлігін дәлелдеген соң ғана осындай қадамға барды да, Шанхайды бетке алды.

Одил Ахмедовтың тақырыбынан аздап ауытқып, өз ойыншыларымызға қарай ойысайық. Біздегі футболшылар қашанғы өз «қазанымызда қайнай бермек»? Неге біздің жігітер Еуропа чемпионаттарында немесе өзімізге жақындау Түркия, Ресей ареналарында, болмаса Одил секілді Қытай додасында доп теппейді? Әлде қазақ футболшылары шетелде ойнауға қауқарсыз ба?


Бауыржан Исламхан (Қайрат)

Дегенмен, байыбына барып қарасаң, бізде де талантты, қабілеттері Еуропада атой салуға жететін ойыншылар көп. Оны «Астананың» Еуропа лигасындағы ойындарында көріп, көз жеткізіп жүрміз. «Қайрат», «Ордабасы», «Ертісте» де допты түзі тебе алатын дүлдүлдер аз емес. «Таразда» да таланттар жетіп артылады. Алайда, ешкімді де Қазақстан чемпионатынан кеткісі келмейді. Дамығысы келіп, Еуропаға ұмтылып жатқан бірде-біреуін көрмейсің...


– Басты себеб, материалдық жағдайда. Өйткені, Қазақстан Премьер-лигасында ақша көп, футболшылардың жалақылары өте жоғары. Сондықтан, осындай өмірге үйреніп қалған біздің ойыншылар шетелге кетуге асықпайды.  - деп түсіндірген Қазақстан жастар құрамасының экс-ойыншысы Дидар Сыдықбек әрі қарай ойын былай деп жалғастырды. – Біздің ойыншылар ол жаққа барып, абыройдан айрылудан қорқады. Бір жағынан Еуропада ешкім жоғары жалақы ұсынбайды. Мәселен, өзімнің басымнан өткен жағдайды айта аламын. Кезінде «Ордабасыда» ойнап жүргенімде мені Польша чемпионатының ең үздік командаларының бірі шақырды. Бірақ айына 500-ақ доллар ұсынды. Яғни, Шымкентте алып жүрген айлығымнан әлдеқайда аз. Түсініп тұрсыз ғой, Еуропаға кету үшін сен ақша жағын мүлдем ойламауың керек. Ешкім де бірден Испания немесе Италия мен Англияға шақырмайды. Алдымен Польша, Түркия сынды чемпионаттарға ауысып, оны трамплин ретінде пайдалануың қажет. Қазір Еуропа лигаларында бірде-бір қазақ жоқ. Сондықтан, олар біздің футболшыларды менсінбейді де, қабылдамайды да. Алдымен біздің үздік ойыншыларымыз барып, қазақ футболының қандай екендіктерін көрсетіп, мықтылықтарын дәлелдеп келулері керек. Сонда ғана олар біздің футболға назар аудара бастайды. 

Бауыржан Жолшиев бастап берсе, бар "еркелігін" кешіруге дайын едік

Кезінде «Ақтөбе» сапында ел чемпионы атанған Дидар Сыдықбектің айтуынша, біздің ойыншыларға «өз қазанымызда қайнай бермей», бәрібір де шетелге ұмтылу қажет. Бірінші кезекте батысты бетке алуды Бауыржан Исламхан өз алдына мақсат қоюы керек. «Өйткені, менің досым Баториктің шеберлігі баяғыда-ақ Қазақстан чемпионатының деңгейінен асып кеткен», - дейді Дидар. Ал екі дүркін ел чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының сапында тоғыз ойын өткізген қорғаушы Айдар Күмібеков жерлестеріміздің шетел чемпионаттарына кетуіне үш жағдай кедергі болып тұрғанын айтады. Олар: сұраныстың жоқтығы, агенттердің әлсіздігі және материалдық жағдай.


– Осы үш фактор футболшыларымыздың шетел асуына кедергі болып тұр. Біздің ойыншыларға Еуропада салмағы бар агенттермен байланыс орнатуды үйрену керек. Әйтпесе, бізде де «Кәртамыс құрлықта» атой салатын жігіттер аз емес. Кезінде «Ертісте» жүргенімде Ұлықбек Бакаевпен осы тақырыпта жиі әңгімелесетінбіз. «Қазақстанда талантты жігіттер жетерлік. Егер ниеттенсе, Ресей және Украина Премьер-лигасындағы ТОП клубтарда ойнауға әлеуеттері жетеді. Неліктен сыртқа шыққысы келмейтінін түсінбеймін», - дейтін сол кезде Ұлықбек. Енді бұл қазақтың менталитетіне байланысты шығар. Шетел көріп, жер танығысы келмейді. Бәрі өз жерімізде доп теуіп жүре беруді жөн көреді. Оның үстіне, қазір көптеген елдерде дағдарыс ұрып тұр. Еуропаның ортанқол лигалары біздің футболшыларға жоғары айлық ұсына қоймайды. Ал бізде бұл жағынан проблема жоқ. Дегенмен, алға ұмтылатын кез келді ғой. Тек жақсы агент тауып, солармен келісімшартқа отыру қажет, - дейді Айдар Күмісбеков.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың 1-інен бастап Еуропада трансферлік терезе ашылды. Осы айдың соңына дейін жалғасады. Ал Қазақстан чемпионатында трансферлік кезең 11 қаңтарда басталып, 3 сәуірде аяқталады. Неде болса, осы айдың соңына дейін Еуропаға даңғыл жол салатын бір қазақты күтеміз. Айтпақшы, Бауыржан Жолшиев те Қытай чемпионатына ауысуы мүмкін деген сыбыс таралып жатыр. Осы "ерке баламыз" ерлік жасап жатса, оның барлық "еркеліктерін" кешірер едік.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика