Вернуться к списку статей

"Тобыл" "Атырауды" жеңгенімен "Ертіске" жете алмады

Футбол
1K
Қостанайда «Атырауды» қабылдаған «Тобыл» 2:0 есебімен ұтқанымен Еуропа лигасының жолдамасына қол жеткізе алған жоқ. Роберт Евдокимов шәкірттері жолдамадан өткен турда айрылып қалған еді.

Маусымның соңғы ойыны, соңғы мүмкіндік. «Тобыл» ойыншылары бірінші минуттан-ақ шабуылға лап қойып, «мұнайшыларды» тықсырта бастады. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Дмитрий Мирошниченконың оң қапталдан сырғытқан добы қорғаушылардың бірінің аяғына тиіп, серпіле көтерілді де Щеткиннің басына жетті. Алексей сүңги секіріп, допты қақпаға баспен қадай салды. Есеп – 1:0.

Щеткин демекші, Алексей келесі маусымда «Астанаға» қайта оралатын сияқты. Қостанайлықтардың командасында жалға ойнап, өзінің 28-ші ойынында 10 гол соғып үлгерді. Станимир Стойлов та өзінің сұхбаттарында осы футболшыға ерекше тоқталған болатын. Сондай-ақ, Щеткиннен бөлек, «Тобылда» елордалықтардың тағы екі ойыншысы доп теуіп жүр. Бірі Дидар Жалмұқан, екіншісі Аздрен Ллуллаку. Бірақ бұл екеуінің «Астанаға» қаншалықты қажеттігі жайлы Стойлов әзірге ешнәрсе демеді.

Қостанайдағы ойынға қайта оралар болсақ, алаң иелерінің голына «Атырау» бірінші таймда мардымды жауап қата алмады. Қос қапталға иек артқан қонақтардың шабуылдарына қорғаушылар тойтарыс беріп жатты. Қайта «Тобыл» футболшыларында есепті еселейтін біршама мүмкіндіктер болды. Бірде Дидар Жалмұқан бағын тексеріп көрсе, бірде Жасұлан Молдақараевқа сәттілік жетіспей жатты.

Екінші таймда да «Тобыл» футболшылары қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. Артурас Жулпа есепті еселеді. Алайда, Щеткиннің де, Жулпаның да голдары қостанайлықтарға көмектескен жоқ. Павлодардағы ойында Карлос Фонсека соңғы минутта гол соғып, Еуропа лигасының жолдамасын жеңіп алды.

«Тобыл» (Қостанай) – «Атырау» 2:0 (1:0)

Голдар: Щеткин, 10 (1:0). Жулпа, 61 (2:0).

«Тобыл»: Непогодов, Квеквескири, Жулпа, Кассай, Ллуллаку, Шиков, Жалмұқан, Мирошниченко, Молдақараев, Сартаков, Щеткин (к).

Резерв: Бусурманов, Шубаев, Гурман, Джалилов, Жақыпов, Жарынбетов, Мухутдинов, Жұмасқалиев, Левин.

«Атырау»: Пасеченко, Двалишвили, Лобжанидзе, Саломов, Мәжитов, Эсатов, Әбдірахманов, Қайраллиев, Сүлей, Хайруллин (к), Чичулин.

Резерв: Қалменов, Аблитаров, Қалмұратов, Әбдрахман, Коробов, Маров, Тәжімбетов, Сәкенов, Жагоров.

Төрешілер: Тимур Қумашев (Астана), Самат Тергеусізов (Алматы), Ғалымжан Айжігітов (Қызылорда).

Қостанай қаласы, Орталық стадион.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика