Вернуться к списку статей

"Қайсармен" тең түскен "Ақжайық" әупірімдеп Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды

Футбол
1K
Өз алаңында Қызылорданың «Қайсарымен» тең түскен «Ақжайық» әупірімдеп Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Оралдағы ойын голсыз аяқталды.

Биыл «Қайсар» оралдықтар үшін өте ыңғайлы қарсылас болып тұр. Бірінші айналымда өз алаңында 1:0 есебімен жеңген. Одан кейін Қызылордадағы матчты тең өткізген. Енді міне, өзара үшінші кездесулерінде де бір ұпай алды. Бұл ұпай «Ақжайыққа» Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

«Ақжайық» (Орал» – «Қайсар» (Қызылорда) 0:0

«Ақжайық»: Котляр, Говедарица, Николич, Одибе, Дурович, Дудченко, Главина, Перцух, Шмидт, Сапанов (к), Ерсәлімов.

Резерв: Толебаев, Коронель Фредди, Дельгадо, Антипов, Шабаев, Тапалов, Заречный, Зұлпыхаров, Аяғанов.

«Қайсар»: Исламқұлов, Аржанов, Граф, Камара, Курьор, Ламанж, Байжанов (к), Евстигнеев, Коробкин, Чуреев, Жаңғылышбай.

Резерв: Григоренко, Бойович, Джа Джедже, Алтынбеков, Әмірсейітов, Мулдаров, Нәрзілдаев, Сахалбаев, Жахаев,

Төрешілер: Алексей Бобров (Қарағанды), Илашбек Орынбаев (Шымкент), Максим Субботин (Талдықорған),

Орал қаласы. Петр Алоян стадионы.

Екі команда да құрамдарын аса қатты өзгерткен жоқ. «Қайсар» сапында тек қақпашы ғана ауысты. Чемпионатты негізгі құрамда бастағанымен маусым айынан бері қақпаға тұрмаған Марсель Исламқұлов қайта бірінші минуттан бастап алаңға шықты. Бас бапкері Стойчо Младеновтің сенімін ақтады да. Өз алаңындағы соңғы матчта жанкүйерлерін қуантқысы келіп, жеңіс үшін желпіне шабуылдаған «Ақжайық» шабуылшыларының талай шабуылына тойтарыс беріп, қақпасына доп дарытқан жоқ.

Жалпы, деңгейі бірдей, әлеуеті зор екі қақпашысы бар «Қайсардың» бапкерлер алқасы келесі маусымда кипер таңдауда бір шешімге келуі керек-ау. Әйтпесе, Григоренконы болмасын, Исламқұловты болмасын қосалқы құрамда қор қылып ұстау расымен де обал.

Ал «Ақжайық» тең есепке де қанағат дейтін шығар. Іштей «Таразды» алты ұпайынан айырған Қазақстан футбол федерациясына да алғыс айтып жатқан да болар. Неде болса, оралдықтар Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Енді соңғы турда елордаға қонаққа барып, «Астанамен» айқасады. Кім біледі, тым болмаса тең ойнап берсе, «Қайрат» басшылары «алғыстарын» аямайтын шығар. «Қайсар» болса, соңғы турда қонаққа «Таразға» барады.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика