Вернуться к списку статей

"Қайрат" қандай бапкер іздеп жүр?

Футбол
1K
Осыдан екі күн бұрын ғаламтор бетін Алматының «Қайратын» келесі маусымда украиналық маман Юрий Вернидуб жаттықтыруы мүмкін деген ақпарат жайып кетті. Клуб директоры Қайрат Боранбаев бұл ақпаратты жоққа шығарып үлгергенімен «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейді ғой. «Қайрат» келесі маусымда расымен де жаңа жаттықтырушы іздеуге көшетін секілді.

Украиналық бір журналистің «Заря» футбол клубының бас бапкері Юрий Вернидуб келесі маусымда Алматының «Қайратын» жаттықтырады» деп туиттерге түрте салған жазбасы барша қазақстандық жанкүйерлерді елең еткізгені рас. Алайда, арада бір күн өтпей жатып, инстаграмдағы жеке парақшасы арқылы «Қайрат» қожайыны Қайрат Боранбаевтың өзі тіл қатты. «Біз Вернидубпен келіссөз жүргізу үшін Украинаға ешқандай да өкіл жіберген жоқпыз. Сыбыстарға сенбеңіздер» деп жазды Қайрат Советайұлы.

Кеше «Заря» Луганскіде Украина кубогының 1/8-финалы аясында Донецкінің «Шахтерін» қабылдап, 3:4 есебімен ұтылып қалды. Ойыннан кейін Юрий Вернидуб «Қайратқа» қатысты былай деді:

– Менен бұл туралы клуб президентінің өзі де сұрады. Алайда, егер қандай да бір клубпен келіссөздер жүргізуім керек болса, онда бұл туралы клуб басшылары бірінші болып біледі. Мен ондай адам емеспін. Ұятым бар, арым таза. Ту сыртынан келіссөздер жүргізу дұрыс емес.

Соған қарағанда Вернидуб пен «Қайрат» арасында расымен де ешқандай келіссөздер болмағанға ұқсайды. Алайда, бұл чемпионаттан кейін алматылықтар бас бапкерін ауыстырмайды деген сөз емес. «Қайрат» әу баста-ақ испан маманы Карлос Алос Феррермен осы маусымның соңына дейін ғана келісімшарт жасасқан. Яғни, желтоқсаннан бастап ол да бос деген сөз. Оның үстіне, қазір Ферерді Қазақстан ұлттық құрамасының келесі жаттықтырушысы болады деген сыбыстар да таралып жатыр. «Қайрат» бұл маманды тек ертең елордада «Астананы» ұтып, аяқ астынан чемпион болып кеткен жағдайда ғана сақтап қалуға тырысуы мүмкін.

Сондықтан, «Қайраттың» келесі маусымның алдында жаңа бас бапкер іздейтіні анық. Бірақ, ол кім болуы мүмкін? Командаға қандай бапкер қажет? Бұл сұраққа дәл қазір Қайрат Боранбаевтың өзі де нақты жауап бере алмайтын секілді. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика