Ойын басталған бетте алаң иелері гол соғып, қонақтарын сең соққандай күйге түсірді. Допты ойынға қосқан бетте төрт соққымен (үшеуі пас) «Оқжетпестің» қақпасына жеткізіп, бесінші секундта (!) есеп ашты. Бокс тілімен айтқанда, қарсыласын бірден «нокдаунға» түсірді.
Алаң иелері мұнымен шектелген жоқ. Қарқындарын үдетіп, ойынның 32-минутына дейін тағы екі гол соқты. Осыдан кейін арқаларын кеңге салып, емін-еркін ойнауға көшкендей болды. Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу мүмкіндігі әрбір тур сайын жоққа тән болып бара жатқан командадан деңгейі жоғары екендігін көрсетті.
Алайда, екінші таймда да өздеріне тым сенімді кейіпте ойнады. Рас, тағы бір гол соғып, есепті ұлғайта түсті. Дегенмен, қонақтарының доп айырмасын қысқартуларына мүмкіндік беріп қойды. Көкше клубының ойыншылары бірнеше оңтайлы сәтті қалт жіберіп алмағанда, қалай болары да белгісіз еді.
Ал «Оқжетпес» болса, «жығылғанға жұдырық» дегендей, негізгі құрамдағы ойыншыларынан айырыла бастады. Федин жарақаттанып қалған. Адырбеков те ескертулеріне байланысты алаңға шыға алмады. Енді қорғанысының белді ойыншысы Марочкин де қатардан шығып қалғандай...
Бұл ойында үш голды Чехия футболшысы Эгон Вух соқты. Бұл – осы турдағы екінші хет-трик. Кеше «Шахтердің» жартылай қорғаушысы Марко Стоянович те үш гол соққан болатын. Жалпы, ХХХІ тур өте нәтижелі боып, алты ойында 23 гол соғылды.
«Тобыл» – «Оқжетпес» – 4:1 (3:0)
Голдар: Молдақараев, 1 (1:0). Вух, 15 (2:0). Вух, 32 (3:0). Вух, 74 (4:0). Недашковский, 88 (4:1).
Ескерту: Досмағамбетов, 70.
«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Кассай, Шиков, Мирошниченко, Жулпа, Квеквескири, Вух (Ллуллаку, 74), Жалмұқан (Джалилов, 65), Молдақараев (Жарынбетов, 85), Щеткин (к).
Қосалқы құрам: Бұсырманов, Бекич, Гурман, Жақыпов, Жұмасқалиев, Левин.
«Оқжетпес»: Әбжанов, Досмағамбетов (к), Абдулин, Марочкин (Кейлер, 82), Гошкодеря, Волков, Хорват (Матвеев, 79), Куксин, Козлов, Юрин (Недашковский, 71), Шафф.
Қосалқы құрам: Голубничий, Әбілғазы, Федин, Дайыров, Цой, Лебедев.
Төрешілер: Рахымбаев, Шабанов, Жаспенов (бәрі де – Алматы).
22 қазан, 2017. Қостанай, «Орталық». 7000 көрермен.