Вернуться к списку статей

«Тараз» тоқырап, «Шахтер» шабыт алды

Футбол
1K
«Тараз» – «Шахтер» – 2:3. Милан Стояновичтің есінде қалатын ойын... Фото: shahter.kz
«Тараз» өз алаңында «Шахтерден» ұтылып қалып, турнир кестесіндегі жағдайын тығырыққа тіреп алды.

«Тараз» бұл ойынды тәп-тәуір бастаған. Бірінші таймда екі гол соғып, жанкүйерлерін қуантты. «Шахтердің» қорғаушылары екеулеп, тіпті үшеулеп, Малик Маненің ізін бағып жүргенде Бактиёр Зайнутдинов дубль жасады. Екеуінде де допты қақпаға тура бағытап, дәл көздеуіне қонақтар бөгет жасай алмай қалды.

Үзіліс кезінде кеншілер клубының бас бапкері Саулюс Ширмялис шәкірттерін сілкілеп алған ба, қонақтар екінші таймда атойлап алға шапты. 48 минутта оң қанатпен алға ентелеген Стефан Зошакты алаң иелерінің қорғаушысы Андрей Горбанец “түртіп” қалып, “етпетінен” түсірді.

Төреші 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Пенальтиді Милан Стоянович мүлтіксіз орындап, есепті қысқартты. Осы голдан кейін «Шахтер» ширай түсіп, «Тараздың» кежегесі кейін тарта бастады. Қонақтар шабуылды үдетіп, алаң иелері қақпасына екі гол соқты.

Екі голды да Стоянович сол аяғымен салды. Екеуін де тым алыстан енгізді. Әуелі допты ыңғайына салып алып, қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Іле-шала одан да алысырақ жерден айып соққысын орындап, теңбіл допты доғаша иіп, қақпаға сол жақ бұрышына тоғытты.

Бұл жерде «Шахтердің» шабуылшылары да допқа ұмтылып, «Тараздың» қорғаушылары мен қақпашысын шатастырғанын айта кетуге тиіспіз. Негізі, ойынның аяқталуына біраз уақыт бар еді. Бірақ екі минуттың ішінде соғылған соңғы голдар алаң иелерінің ұнжырғаларын түсіріп жіберді.

Сөйтіп, «Шахтер» «Тараздан» есесін қайтарды. Бұлай дейтін себебіміз, 1-турда екеуі Таразда 0:0 есебімен тең түсіп, 22-турда Қарағандыда қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Тіпті, кеншілер клубы 4-орынға таласқан «Ертіс» пен «Тобылды» қуып жетуге де айналды.

«Тараз» – «Шахтер» – 2:3 (2:0)

Голдар: Зайнутдинов, 17 (1:0). Зайнутдинов, 28 (2:0). Стоянович, 50-пенальтиден (2:1). Стоянович, 76 (2:2). Стоянович, 78 (2:3).

Ескертулер: Сзоке, 40. Диара, 42. Мангуткин, 53. Ермеков, 67. Құрғулин, 81. Әмірханов, 83. Миюшкович, 85. Шацкий, 90+5.

«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов (к), Шадманов, Миюшкович, Шипицин, Горбанец, Диара, Зайнутдинов (Молтусинов, 74), Қожамберді (Құрғулин, 66), Морис (Фещук, 31), Мане.

Қосалқы құрам: Логиновский, Сейідахмет, Нұралы, Байжанов, Хайруллин, Горячий.

«Шахтёр»: Шацкий (к), Мангуткин, Дмитренко, Хлебоун, Ермеков (Тәттібаев, 75), Сзоке, Валента (Наджарян, 46), Зошак, Шахметов (Станоевич, 46), Стоянович, Хижниченко.

Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Путинцев, Әлімбаев, Воменко.

Төрешілер: Құмашев, Навроцкий (екеуі де – Астана), Панин (Қостанай).

21 қазан, 2017. Тараз, «Орталық». 3000 көрермен.


* Ескерту: «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика