– Барша Қазақстан жанкүйерлерін «Астананың» жарқын жеңісімен құттықтаймын! «Маккаби» – негізі осал команда емес. Бірақ, біздің жігіттер жарады. Алғашқы 15-20 минуттан кейін өз ойынымызды тез тауып алдық. Бұл Қазақстан үшін тарихи жеңіс, - деп бастады Станимир Стойлов.
– Екі аптадан кейін Тель-Авивте де дәл осы мәнерде ойнайсыздар ма, әлде бір өзгерістер бола ма?
– Ашығына келер болсақ, біз Израильдегі ойын жайлы дәл қазір дым бас қатырып отырған жоқпыз. Өйткені, ел чемпионатында да бізді маңызды кездесулер күтіп тұр. Келесі турда Шымкентке барамыз. Ол жаққа кілең жастарды шығарамын деп ойлап тұрмын. Негізгі құрам демалып алсын. Шаршаған шығар. Одан кейін өз алаңымызда қатарынан үш тур қабылдаймыз. Міне, сол матчтарда чемпиондықтың тағдырын шешуіміз керек. Ал екі аптадан кейінгі кездесуге келер болсақ, Израильде бізге оңай болмайды. Өз алаңында олар жақсы ойнайды. Қарымта қайтаруға тырысатындықтары анық. Бірақ біз де қарап қалмаймыз.
– Бүгінгі ойынды «Астана» футболының тарихындағы ең жақсы ойын деп айтуға бола ма?
– Ең жақсысы болмаса да, соған жетеқабылдарының бірі. «Астана» ешқашан өз алаңында нашар ойнамаған. Кіммен болса да, тең ойнаймыз немесе ұтамыз. Рас, бүгін тамаша жеңістің куәсі болдық. Төрт гол күнде соғыла бермейді. Бірақ, біздің жеңісімізді тарих бағалайды.
– Бүгінгі жеңістен кейін команданың топтық кезеңнен шығу мүмкіндігі қаншалықты артты?
– Әр ұпай, әр жеңіс біз үшін өте маңызды. Еншімізде төрт ұпай бар. Алайда, бәсекелестер де қарап қалып жатқан жоқ. Соңғы турды Чехияда өткіземіз. Меніңше, біздің тағдырымыз Прагада шешіледі-ау.
– «Ордабасыдан» биыл ел чемпионатының бірінші турында 0:3 есебімен жеңіліп қалған едіңіздер. Енді бұл жолы Шымкентте қарымта қайтарудың сәті түсе ме?
– Шымкентке екінші құрамды апаратынымды айттым ғой. Кілең жастарды шығарамын. Сондықтан, «Ордабасыға» қарсы оңай болмайды. Дегенмен, мен жастарыма да сенемін. Ұтуға тырысамыз. Ал ұта алмасақ, өз алаңымызда өткізетін соңғы үш ойынымыз бар. Сол жерде барымызды саламыз.
– Жарақатынан әлі толық айыға қоймағанымен Серікжан Мужиков, Срджан Граховац және Марин Аничич бүгін алаңға шықты. Олардың ойынына қандай баға бересіз?
– Мужиков жақсы ойнады. Мен оны матч тағдыры шешіліп қойған соң ғана ауыстырдым. Оның үстіне, сары қағаз алып қалған. Қатерге басымды тіккім келмеді. Басқалар да бабына келе бастады. Маринді 90 минут бойы ойнай алмайтын шығар деп қорқып едім, бір айға жуық доп теппегеніне қарамастан бүгін қорғанысты керемет ұстады.
– Матч алдында «Астана» әлі өзін фаворит сезінетіндей жағдайға жеткен жоқ деп едіңіз. Бүгін не айтасыз? «Астана» фаворит қой...
– Бүгін «Маккаби» өз деңгейінен төмен өнер көрсетті. Әйтпесе, мықты команда. Бір жағынан біздің жігіттер де оларды барынша қысып тастады да, алаңда еркін қозғалуға мұрша бермеді. Бір ойынға бола өзімізді «әулие» сезініп кетуге болмайды. Футбол тұрақтыларды ұнатады.
– Бүгін «Астана» шабуылда ғана емес, қорғаныста да жақсы ойнап, қақпаға гол жіберген жоқ. Өзіңізге қай шеп көбірек ұнады?
– Маған команданың шабуылда да, қорғаныста да бірдей жақсы ойнағаны ұнайды. Жақсы шабуыл негізі қорғаныстан, тіпті қақпашыдан басталады. Сол секілді қорғаныстың да басты тірегі – шабуыл. Бүгін төрт гол соқтық, гол жібермедік, демек мен үшін бірінші ретте команда ұнады. Әрдайым осылай ойнасақ деймін. Енді кішкене физикалық жағдайымызды күшейтсек жақсы болар еді. Себебі, маусым соңында матчтардың тым көптігінен футболшылар шаршап қалып жатыр.
– Бүгінгі ойын «Астананың» максимум көрсеткіші ме, әлде бұдан да жақсы ойнай аламыз ба?
– Бұдан да жақсы ойнай аламыз деп ойлаймын. Ол үшін футболшылардың барлығы сапта болып, бәсекелестік жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ, жастар да үлгі алып, шеберліктерін өсіре берулері қажет.