– Бірінші кезекте «Астананы» тамаша жеңісімен құттықтаймын! Меніңше, ойын тағдырын пенальти шешіп кеткен секілді. Содан кейін біздің футболшылар аздап есеңгіреп қалды да, қақпамызға төрт голдың соғылуына жол беріп қойдық. Бірінші таймнан кейін бізде аз да болса үміт болған. Бірақ, төртінші голдан кейін ойынды тоқтатып, алаңнан кетіп қалғымыз келді. Бұл «Маккабидің» соңғы 4-5 жылдағы ең сәтсіз ойыны. Енді сіздерге жауапты Тель-Авивте қайтарамыз деп ойлаймын.
– Неге төрт голдан кейін ойнауды қойдыңыздар?
– 0:2-ден кейін біз ойынға өзгеріс енгізуге тырыстық. Бірақ, 0:4-тен кейін біз бүгінгі кездесуді неғұрлым тез аяқтауға тырыстық. Өйткені, дүйсенбі күні бізді Израиль чемпионатындағы маңызды кездесу күтіп тұр. Ал екі аптадан кейін сіздерге қарсы кездесуде қарымта қайтару үшін барымызды саламыз.
– Мынадай ірі жеңілістен кейін қызметтен кету жайлы ойламайсыз ба?
– Жоқ, отставка жайлы ойым жоқ. Менің бұл командада бапкерлік қызметке кіріскеніме көп болған жоқ. Алда әлі жағдайды түзеуге мүмкіндік болады.
– Матч алдындадағы баспасөз мәслихатында сіз Патрик Твумаси мен Джуниор Кабананга дуетінен қауіптенетіңізді айтқан едіңіз. Неге бүгін сол екеуіне еркіндік беріп қойдыңыздар?
– Кабананга мен Твумаси біз ойлағаннан да мықты болып шықты. Қорғаушыларымыз оларға қарсы ешнәрсе істей алмады. Мен олардың болашағынан көп нәрсе күтемін.
– «Маккабидің» бүгінгі ойыны Қазақстан чемпионатындағы аутсайдерлердің ойынындай болды. Неге сонша қауқарсыз болдыңыздар?
– Бәрін пенальти құртты. Бұл жерде төрешіге қарсы еш шағымым жоқ. Жекелеген ойыншылардың кінәсі. Мұндай кемшіліктерді болдырмауға тырысамыз.