Вернуться к списку статей

«Мақтаарал» Премьер-лига жолдамасына таласады

Футбол
1K
«Мақтааралдың» Премьер-лигаға шығуына бір қадам қалды
Бүгін Бірінші лиганың 25-ші туры өтті. Алда екі турдың бар екеніне қарамастан біріншілікті қазірден-ақ қорытындылай беруге болады.

Қазақстан чемпионатының Регламенті бойынша, Премьер-лигада соңғы орын алған екі команда бірден Бірінші лигаға түсіп, олардың орнын Бірінші лигада 1-ші және 2-ші орын алған екі команда басады. Ал Бірінші лигада 3-орын алған команда Премьер-лиганың 10-шы командасымен електік ойын өткізеді. Дегенмен, дәл қазір Бірінші лигада 3-орында Алматының «Қайрат А» командасы тұр. Олар «Қайрат» футбол клубының фарм-командасы. Сол сияқты, 4-орындағы Қызылорданың «Байқоңыры» да «Қайсардың» еншісінде. Сондықтан, бұл екі команда қанша тыраштанса да Премьер-лигада ойнай алмайды.

Осыған байланысты Премьер-лигаға жолдама беретін електік ойынға «Мақтаарал» қатысатын болды. Олар ел біріншілігінің аяқталуына екі тур қалғанда басты бәсекелесі «Қыраннан» 6 ұпайға озып кетті. Ал «Қыранның» алда бір-ақ ойыны қалғандықтар олар енді Жетісайдың командасын қуып жете алмайды.

Електік ойын биыл 9 қараша күні өтеді. «Мақтааралдың» қарсыласы әзірге белгісіз. Премьер-лигада 10-орын алған командамен кездеседі.

БІРІНШІ ЛИГА

25-тур (17.10.17)

«Қайрат А» (Алматы) – «Жетісу» (Талдықорған) 0:0

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Екібастұз» 2:0

Голдар: Шоқан Абзалов, 51. Ерасыл Сейітханов, 75.

«Мақтаарал» (Жетісай) – «Каспий» (Ақтау) 1:0

Гол: Болат Аулабаев, 80.

«Қыран» (Шымкент) – «Шахтер-Болат» (Теміртау) 3:2

Голдар: Нұрсайын Жолдасов, 52 (1:0). Бакир Диханбаев, 64 (1:1). Бакир Диханбаев, 75 (1:2). Асқар Абутов, 85 (2:2). Асқар Абутов, 90+ (3:2).

Ал бүгінгі ойындарға келер болсақ, Алматыда өткен «Қайрат А» мен «Жетісу» арасындағы матч голсыз аяқталды. «Байқоңыр» өз алаңында «Екібастұзды» 2:0 есебімен жеңді. Бірінші таймда қарсылас қақпасынан саңылау таба алмаған Ерлан Шойтымов шәкірттері үзілістен кейін Шоқан Абзалов және Ерасыл Сейітханов соққан голдардың арқасында жеңісті жұлып алды.

Келесі маусымда Премьер-лигада ойнауға мүмкіндігі бар «Мақтаарал» өз алаңында «Каспийді» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Оңтүстік Қазақстан облысының екінші командасы «Қыран» да Шымкентте қонақтарды бір гол айырмашылығымен ұтты. Олар 3:2 есебімен «Шахтер-Болаттан» басым болды. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика