– Біздің осы іріктеу турниріне қойған мақсатымыз – тобымызда екінші орын алу болатын. Әлі үмітіміз сөнген жоқ. Басты бәсекелестеріміздің бірі Болгария еді. Екі рет кездесіп үлгердік. Ұтуымыз қажет еді. Енді жағдайымыз сәл қиынырақ болып тұр. Дегенмен, Словениямен болатын ойындар бәрін шешуі тиіс. Олармен әлі кездеспедік. Өз кезегінде Словения әлі ұпай жоғалтқан жоқ. Бірақ Франция сияқты мықтымен де әлі кездеспеді.
– Болгарияда 2:2 есебімен ойнап қайтқаннан кейін бүгін біздің жігіттер аз да болса фаворит саналды. Бәлкім, өздеріне деген тым сенімшілдіктің кесірінен ұта алмадық па?
– Өзімізге өте сенімді болатындай біз әлі тау қопарып тастаған жоқпыз ғой. Рас, бірінші таймда тізгінді қонақтарға беріп қойдық. Екінші таймда футболшылардан жылдамырақ қимылдауларын сұрадым. Жігіттер де алға атойлап, ақыры есеп аштық. Өкінішке қарай, ойын соңында стандартты жағдайда қателесіп, бұрыштамадан кейін қақпамызға гол жіберіп алдық.
– Бүгінгі тең есептен кейін біздің 2019 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығатын мүмкіндігіміз қаншалықты төмендеді?
– Бүгін ұтуымыз керек еді. Енді қиын болады. Бірақ, соңғы ойындар бәрін шешеді. Словениямен екі рет кездесеміз. Сосын Црна Гора құрамасы бар. Ал оған дейін келесі жылдың наурызында Франция мен Люксембургті қабылдаймыз. Алғашқысын бірнәрсе қылып тең ойнауымыз қажет. Одан кейін Люксембургті қалай да жеңу керекпіз. Алда әлі бес ойынымыз бар. Еншімізде алты ұпай. Үміт үзілген жоқ.
– Бүгін Бақтиер Зейнутдинов шыққаннан кейін ғана ойынымыз жүріп, гол соға алдық. Бәлкім оны алаңға ертерек шығару керек пе еді?
– Өздеріңіз көрдіңіздер ғой, Болгария футболшыларының техникалары жетік. Алаң да болгарларға ыңғайлы болды. Бізге «Б» жоспарына жүгінуге тура келді. Сөйтіп, алаң ортасын күшейттік. Ал екінші таймда қонақтар шаршап қалды да, бізде алғы шепте гол соғатын мүмкіндіктер көбейді. Оның үстіне, Зайнутдинов Болгариядағы ойында шаршап қалды. Сондықтан, бүгін біз оны екінші таймға сақтауды жөн көрдік.
– Негізгі ойыншыңыз Максим Фединнің жоқтығы қаншалықты білінді?
– Максим ғана емес, орталық қорғаушымыз Айбол Әбікен де бүгінгі ойынға қатыса алмады. Әлбетте, бұл футболшылар біздің негізгі ойыншыларымыз. Максим болғанда кішкене креатив көбейер еді.
– Енді жастар құрамасы келесі кездесуін 2018 жылдың наурызында өткізеді. Оған дейін қандай да бір оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарда бар ма?
– Ел чемпионаты аяқталған соң қараша айында селекциялық оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Ол жаққа бұрын-соңды шақыртылмай жүрген футболшыларды шақырамыз. Төрт шақты команда жинаймыз деп отырмыз. Біреуі U-23 команда болмақ. Сөйтіп, солардың арасынан өзімізге қажетті ойыншыларды іздейміз. Одан кейін ақпан айында тағы да жиналамыз да, Франция мен Люксембургке толыққанды дайындаламыз.
– Бүгін алаңға шыққан жігіттер еліміздің ең үздік жас футболшылары ма? Әлде, әлі де біз білмейтін дарындар бар ма?
– Премьер-лига ойындарында өз клубтарында аз да болса алаңға шығып жүргендер осылар. Қалғандарының барлығы Бірінші немесе Екінші лигада ойнайды. Олардың деңгейлері бізге сай емес. Сондықтан, бізде таңдау да аз. Барымыз да, нарымыз да әзірге осылар.
– Ендеше бұрынғыдай ел чемпионатына лимиттік ережені қайта енгізу керек шығар?
– Таяқтың екі ұшы бар ғой. Олай етер болсақ, бір жағынан Премьер-лигада тәжірибелері артады, екінші жағынан біз оларға негізгі құрамнан орын тауып беруге кепіл болып, тым құтыртып жіберуіміз де мүмкін. Бүгін алаңға шыққан жігіттер лимиттік ережесіз де өздерінің мықтыларын дәлелдей алды.
– Енді өзіңіз жайлы. Бізде жастар құрамасында бас бапкерді жыл сайын алмастыратын «дәстүр» бар. Сіздің келісімшартыңыз қанша уақытқа жарамды?
– Мен бір жылға келісімшартқа отырғанмын. Келісім аяқталды. Енді не боларын білмеймін. Әлі сөйлеспедік. Менің нәтижем басшылықты қаншалықты қанағаттандыратынын да білмеймін ғой. Егер келесі жылға қалар болсам, онда жастар құрамасының дайындық кестесі, жоспары қазірден жасалып, жылдың соңына дейін дайын болса деймін. Жоспарсыз жұмыс істеуге болмайды.
– Ал егер Премьер-лига клубтарынан ұсыныс түсіп жатса ше?
– Ол жағын ел чемпионаты аяқталған соң көре жатармыз. Әзірге ешнәрсені кесіп айта алмаймын. Әлбетте, басталған істі тастап кеткім де келмейді. Бірақ, бәрі де Федерация басшылығын жастар құрамасына қандай жағдай жасайтындығына байланысты болмақ.