Алдымен ойын туралы.
– Петросян мырза, ойын туралы пікіріңізді білсек. Бүгін біз Армения құрамасының орындауында бір-біріне ұқсамайтын екі тайм көрдік. Үзілістен кейін команда неге нашар ойнады?
– Меніңше, бүгін тартысты да, қызықты ойынның куәсі болдық. Әсіресе, бірінші таймның басында екі команда да гол соғатын керемет шабуылдар ұйымдастырды. Екі жақтың да ойыншылары қорғаныста өте көп қателіктер жіберіп жатты. Есепті бірінші болып біз аштық. Одан кейін де гол соғатын тамаша мүмкіндіктеріміз болды. Өкінішке қарай, жүзеге асыра алмадық. Екінші таймда біздің жігіттер аздап шаршап қалды да, кейбір жігіттерді ерте алмастыруға мәжбүр болдым. Қазақстан да жақсы ойнап кетті. Жалпы, бүгін алаң иелері өз ойындарымен бір ұпайға лайық болды. Рас, кездесудің аяқталуына 20 секундтай қалғанда бізде жеңісті жұлып алатын мүмкіндік болған. Алайда, өте жақсы ойын өткерген Қазақстанның жеңіліп қалғаны әділдік болмас еді.
– Осының алдында Ереванда Польшадан 1:6 есебімен оңбай жеңілген едіңіздер. Бүгінгі ойындарыңызбен жанкүйерлердің алдында өздеріңізді ақтай алдыңыздар ма?
– Бүгін біздің жігіттер жасыл алаңда барын салды. Ойын жақсы өтті. Ал жанкүйерлер үшін жауап бере алмаймын. Бірақ, жігіттерге ойыннан кейін рахмет айтып, 100 пайызға тырысқандарын атап өттім. Өзімнің оларға артар кінәм жоқ.
– Үзілістен кейін Қазақстан құрамасы тактикасын өзгертіп, үш орталық қорғаушыдан төрт қорғаушыға көшті де, екінші таймның алғашқы 15-20 минутында сіздердің ойыншыларыңызға қиындықтар туғызды. Сіз алаң иелерінің ойын өзгерісін кеш түсіндіңіз бе?
– Жоқ, мәселе онда емес. Біздің жігіттер бірінші таймға бар күштерін салып, екінші таймда шаршап қалды. Ал Қазақстан, керісінше, қосымша күшке ие болды. Жанкүйерлеріңіздің де қолдаулары жігер берді. Оның үстіне, өз алаңымызда Польшадан 1:6 есебімен жеңілгеннен кейін ес жинау оңай болған жоқ.
– Қазақстан мен Армения құрамасы осы топта соңғы орындарды бөлісті. Біз шынымен де бәрінен әлсізбіз бе?
– Солай шығар. Статистика алдамайды ғой.
– Қазақстан құрамасының сапында қай ойыншы сіздерге қатты қиындық туғызды?
– Ешкімді де бөліп жара атағым келмейді. Қазақстан құрамасы команда ретінде мықты болды. Әсіресе екінші таймда. Агрессиялық ойын көрсетіп, қолды-аяққа тұрмай жүгірдіңіздер, пастарыңыз да діттеген жеріне дәл жетіп жатты.
– Сіздіңше бүгін Генрих Мхитарян бар күшін сала ойнады ма, әлде толық әлеуетін көрсеткен жоқ па?
– Мен Мхитарянға ешқашан күмәнданбаймын. Ұлттық құрама үшін әр ойында 100 пайызға тырысатынына сенімдімін. Бірақ футбол – командалық ойын ғой. Генрих командаға барынша көмектесіп жатыр, командаластары да оған солай жауап қатулары тиіс.
– Ұлттық құрамада қалу-қалмау жайлы шешіміңізді соңғы ойыннан кейін айтамын деген едіңіз. Енді не дейсіз?
– Әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Келесі аптада Армения футбол федерациясының президенті Рубен Айрапетян мырзамен кездесуім керек. Содан кейін бір шешімге келетін боламын.
– Армения құрамасының жақын келешегі туралы не айтасыз? Бұл сіздердің әлеуеттеріңіздің максимум көрсеткіші ме?
– Егер бұл біздің максимум көрсеткішіміз болса, онда келесі іріктеу додасына қатыспай-ақ қойғанымыз жөн. Мен бұны бұған дейін де айтқанмын. Армения құрамасының әлеуеті зор. Тек өзгерістер мен тың күштер қажет. Қазір командаға өзгерістер енгізетін уақыт жеткен секілді. Мәселен, бүгін екі ойыншы өздерінің ұлттық құрамадағы дебютті матчын өткізді. Алдағы уақытта да жаңа ойыншылар қосылып отырады деп үміттенемін.
– Ереванда біз сіздерден 0:2 есебімен ұтылғанбыз. Ол кезде Қазақстан негізі құрамда ойнаған. Бүгін алаңға жартылай резервті құрам шықты. Сізге қайсысы ұнады?
– Маған бүгінгі құрамдарыңыз ұнады. Сондықтан, бұл резервтік команда дегенмен келіспеймін. Өйткені, Еревандағы құрамдарыңызбен салыстырғанда бүгінгі футболшыларыңыз жақсы ойнады.
– Кеңес өкіметі кезінде Арменияда таланттар көп еді. Неліктен қазір Армения футболы әлсіреп қалды?
– Бізде Армения чемпионатында бар болғаны алты-ақ команда. Ұлттық құрамаға ойыншылар шақырғанда қатты қиналамыз. Команда аз болған соң жақсы футболшылар да тапшы. Оның үстіне, қазір әлеуметтік жағдайға байланысты армяндардың көбі шетелге кетіп қалған. Ресейде біршамасы тұрады. Мәселен, Мәскеудің «Локомотивінде» бір футболшымыз ойнап жүр. Бірақ, әзірге Армения ұлттық құрамасында ойнаған жоқ. Өйткені, ұлттық құрамаға шақырар болсақ, ол Ресейде бірден легионер болып шыға келеді де, «Локомотивтің» сапына ілігуі қиындай түседі. Осындай мысалдар жетіп жатыр.
– Армения құрамасы әрдайым мықты шабуылымен мақтанатын. Бірақ бүгін біздің қақпамызға бір-ақ гол соқтыңыздар. Қазақстан қорғанысына қандай баға бересіз?
– Сіздің де, біздің де қорғанысымыз жетісіп тұрған жоқ. Ойынның алғашқы минуттарында сіздерде де, бізде де гол соғатын таза мүмкіндіктер болды. Қорғаныс шашырап жатты. Дегенмен, Арменияның шабуылы шынымен де мықты екені рас. Осы іріктеу додасында біз тек түзде Румыния қақпасына ғана гол соқпаппыз. Қалған ойындардың барлығында кем дегенде бір голдан соғып жаттық.