Қазақстан ұлттық құрамасы Румынияның Плоешти қаласындағы «Илие Оанэ» стадионында өткен ойында да жеңілістің кермек дәмін татты. Алаңға бес қорғаушы шығарса да, тағы да үш гол жіберіп алды. Рас, ойынның аяғында бір гол соқты...
Негізі, дәл қазір Румыния құрамасының да жағдайы мәз емес. Әлем чемпионатының финалдық додасына бару мүмкіндігінен өткен турда-ақ түпкілікті айырылған. Кеш болса да, бас бапкерін ауыстырды. Ал Қазақстан құрамасымен өтетін ойын алдында ұлттық құрамасы сапына шақыртылған футболшылары тізімін бірер қайта өзгертті...
Әйтсе де, алаң иелері басым түсті. Бірінші таймда көп шабуылдады. Әсіресе, оң қапталдан ұйымдастырған шабуылдары қауіпті болды. Әу баста біздің қорғаушыларымыз мұқият ойнап, қақпашымыз да қырағылық танытқан еді. Ал румындар айылдарын жимай, біздің қорғанысымызды піспектей берді.
Ақыры сол қапталдан біздің қорғанысымызды бұзып-жарып өтті. Константин Будеску жалғыз өзі бірнеше қорғаушымызды алдап өтіп, сүйір бұрыштан қақпашымызды да қапы қалдырды. Соңғы шептегі ойыншыларымыздың ешқайсысы да оның аяғындағы допты тартып ала алмады...
Көп ұзамай, дәл осы Будеску есепті еселеді. Бұл жолы оң қанаттан алға ентелеп, тағы да екі ойыншымыздан сытылып кеткен-ді. Бірақ соңғы сәтте қорғаушыларымызға көмекке келген шабуылшымыз, яғни Роман Муртазаев оны шалып жықты. Пенальти! Төреші ойланған да жоқ.
11-метрлік айып соққысын Будескудің өзі орындап Стас Покатилов пен теңбіл допты қақпаның екі бұрышына жіберді. Алайда төреші «төрт ойыншы айып алаңның ішіне кіріп кетті» деп, пенальтиді қайта тепкізді. Бұл жолы да Будеску қақпашыдан айласын асырып, теңбіл допты қақпа торында тулатты.
Осы ойынның алдында Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк өзгеше тактика қолданатындығын айтып еді. «Сол тактикасын қашан қолданып, таң қалдырады» деп тықыршығанымызды да жасыра алмаймыз. Екінші таймда Ресей маманының сол «сыйына» куә болғандаймыз.
Бородюк ойынның екінші жартысында алаңға үш шабуылшы шығарды. Олар – Щеткин, Хижниченко және Тұрысбек. Осылай Қазақстан құрамасы жиі шабуылдай бастады. Бірақ голды тағы да румын футболшылары соқты. Өйткені алғы шептегі ойыншыларымыз қателесіп, доптан айырылып қалды.
Румыния құрамасы жылдам шабуыл ұйымдастырып, допты екі паспен-ақ алға жеткізді. Клаудиу Кешеру де ширақ қимылдап, біздің қақпашыны сүйір бұрыштан сан соқтырып кетті. Өкшесін басқан екі қорғаушымыз да үлгермеді. Гол. Есеп – 3:0.
Осыдан кейін Румыния құрамасы арқаны кеңге салып, қарқынын сәл-пәл бәсеңсітіп алды. Сөйтіп біздің құрама шабуылға көшті. Әрі есепті қысқатудың да сәті түсті. Әуелеп келген допты Бауыржан Тұрысбек басымен қақпаға дөп түсірді. Бұдан кейін есеп өзгермеді. Алаң иелері негізінен уақыт созып, жүріп алды.
Румыния – Қазақстан – 3:1 (2:0)
Голдар: Будеску, 33 (1:0). Будеску, 38-пенальтиден (2:0). Кешеру, 73 (3:0). Тұрысбек, 82 (3:1).
Ескертулер: Пинтилий, 24. Кипчу, 65. Бензар, 71 – Қуат, 10. Сүйімбаев, 53. Малый, 79.
Румыния: Тэтэрушану, Ганя, Григоре, Кирикеш, Бензар, Марин, Пинтилий (Хобан, 70), Грозав, Кипчу, Будеску (Ионицэ, 79), Андоне (Кешеру, 66).
Қазақстан: Покатилов, Сүйімбаев, Ахметов, Малый, Дмитренко, Бейсебеков, Тағыберген (Тұрысбек, 65), Қуат, Дарабаев, Нұрғалиев (Хижниченко, 46), Муртазаев (Щеткин, 58).
Төрешілер: Шерер, Де Алмейда, Йосипович (бәрі де – Швейцария).
5 қазан. Плоешти. «Илие Оанэ».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 19 – 12
Тура соққы: 9 – 5
Қиыс кеткені: 7 – 2
Тойтарылғаны: 3 – 5
Бұрыштама соққылар: 7 – 3
Офсайдтар: 7 – 1
Доп иелену: 61% – 39%
Пастар дәлдігі: 82% – 72%
Пастар: 468 – 290
Дәл пастар: 385 – 210
Ескерту (сары қағаз): 3 – 3
Ереже бұзу: 17 – 16