Вернуться к списку статей

Бегайым ҚЫРҒЫЗБАЕВА – Жігіттерге сенеміз, алайда үміт аз

Футбол
1K
Бегайым ҚЫРҒЫЗБАЕВА – Жігіттерге сенеміз, алайда үміт аз
Кеше Шымкентте «БИІК-Қазығұрт» Шотландияның «Глазго Сити» командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойыннан кейін оңтүстік қазақстандықтардың капитаны, әрі осы кездесуде бірінші голды соққан Бегайым Қырғызбаеваны құттықтақ, сұхбатқа тартқан едік.

– Бегайым, жеңістеріңіз құтты болсын! Ойынды көре алмадық. Еш телеарна көрсетпеді. Матч қалай өтті?

– Жауапсыз үш гол соққанымызбен шотландиялықтарды әлсіз деп айтуға болмайды. Негізі, біздің текетірестегі фаворит солар. Оның үстіне, бірінші таймда бізде аздап қобалжушылық болды. Үзіліс кезінде бас бапкеріміз Калоян Петков қақпаға жиі соққы жасау қажеттігін айтып, шотландиялықтардың әлсіз тұстарын тізіп берді. Өзімнің гол соққаныма қуаныштымын. Одан кейін «Глазго Сити» қыздары аздап есеңгіреп қалды да, тағы да екі гол соқтық.

– Статистиканы қарап отырсақ, «Глазго Сити» біздің қақпаға 21 соққы жасапты. Бірақ бірде-бір гол соға алмаған. Олардың шабуылшылары нашар ма?

– Жоға, шабуылы нашар болса, қақпамызға сонша соққы жасай алар ма еді?.. Ойыннан кейін өздері де айтты, біздің алаңға үйренісу қиын болыпты. Өйткені, Шотландия біріншілігінде «Глазго Сити» жасанды алаңдарда ойнайды екен. Ал Шымкентте біз оларды табиғи алаңда қабылдадық. Сондықтан, өз алаңымызда неғұрлым көбірек гол соғуға тырыстық.

– Енді 12 қазанда Глазгода ойнайсыздар. Калоян Петков алдарыңызға қандай тапсырма қойып отыр?

– Қарымта шабуылдар арқылы ойнап, ол жақта да гол соғуға тырысамыз. Шотландиялықтар өз алаңында ұтуға тырысатыны анық. Дегенмен, бізге босаңсымау қажет. 3:0 есебімен ұттық екен деп, оларға мұрын шүйіре қарауға болмайды.

– Жалпы, Чемпиондар лигасында алдарыңызға қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Кемінде ширек финалға шығамыз деп отырмыз. Былтыр «БИІК-Қазығұрт» 1/8-финалда сүрінген еді. Биыл сол межеден асу керекпіз. Ал жартылай финал мен финалдың ойындары келесі жылы өтеді.

– Жалпы, ішкі біріншіліктегі ойындар Чемпиондар лигасындағы кездесулеріңізге қаншалықты әсер етіп жатыр?

– Шынын айтсақ, біз Қазақстан біріншілігінің ойындарына аса қатты дайындалмаймыз да. Ақтөбе, Алматы, Шымкенттің екінші командаларымен кездесіп жатамыз. Ұтатынымызды алдын-ала білеміз. Бәрі әлсіз команда. Ішкі біріншілікте бізге бәсекелес болатын ешкім жоқ. Турасына келгенде, түк қызық қалмады. Былтыр «Астана» деген әжептеуір команда болатын еді. Оны да құртты. Егер ішкі біріншіліктің деңгейі жақсы болса, клубтарымыз да, ұлттық құрамамыз да халықаралық ареналарда жақсы нәтижелерге жетер еді.

– Cіз былтыр Алматының "Барыс" командасында ойнаған едіңіз. "БИІК-Қазығұртқа" қайта келуге не себеп болды?

– Футболдағы карьерамды Алматыда бастағанмын. "БИІК-Қазығұртпен" келісімшартым аяқталған соң былтыр Алматыға ауысқанмын. Бірақ, сол кездің өзінде-ақ Калоян Петков мені Шымкентке қайта шақырып жүрді. Тіпті, былтыр Чемпиондар лигасының қарсаңында жалға алмақшы болған. Алайда, "Барыс" мені жібермей қойды. Биыл Чемпиондар лигасында көмектесу үшін Шымкентке қайта келдім.

– Бүгін Қазақстан ерлер құрамасы түзде Румыниямен кездеседі. Үш күннен Арменияны қабылдаймыз. Қалай ойлайсыз, осы ойындардан ұпай алуға шамамыз жете ме?

– Біз кеше Шотландияның клубын жеңдік. Енді кезек жігіттерде. Әлбетте, біз жанкүйер болып, теледидар алдына телміріп отырамыз. Дегенмен, алаңға шығатын жігіттер ғой. Румыния өте мықты қарсылас. Біздің командаға оңай болмайды. Ал Армениядан өз алаңымызда ұпай алуға болатын шығар. Ең бастысы, намыспен ойнау керек. Біз жігіттерге сенеміз. Алайда, үміт аз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика