Гана құрамасы қазан айының басында 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы маңызды ойынын өткізеді. 7 қазан күні түзде Уганда құрамасымен кездеседі. Ал 10 қазан күні Сауд Арабиясы футболшыларымен жолдастық кездесу өткізеді.
Осы ойындарға Гана құрамасының бапкерлері «Астана» футбол клубының шабуылшысы Патрик Твумасиді шақырыпты. Өйткені оларға құрама сапын күшейтіп, қандай да бір шара қолданбаса болмайды. Жағдайлары – мүшкіл. Әзірше төрт ойыннан 5 ұпай еншілеп, үшінші орында тұр...
Гана өз алаңында Уганда мен Конгоны ұта алмай, тең түскен. Ал Египеттен түзде ұтылып қалды (0:2). Бірақ Конго құрамасын сырт алаңда 5:1 есебімен ойсырата ұтып, есесін қайтарған. Енді қалған екі ойында да жеңіске жету керек. Әрі 9 ұпаймен бірінші орында тұрған Египеттің сүрінгені қажет. ..
Міне, әлем чемпионаты жолдамасына қол жеткізулері екіталай болып, жағдайлары тығырыққа тірелгенде, қазақ додасында доп теуіп жүрген Патрик Твумасидің көмегіне жүгінуді жөн санапты. Твумаси бұған дейін де ФИФА рейтингісінде 52-ші орында тұрған өз елінің ұлттық құрамасы сапына шақыртылған, бірақ әлі ресми кездесу өткізген жоқ болатын.